Әскери ант беру кезінде құлап қалған сарбаздың видеосы — ескі

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан
Threads желісінде әскери ант беру кезінде денсаулығы нашарлаған сарбаздың видеосы талқыланып жатыр. Қорғаныс министрлігі оқиға 2024 жылы болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz
Threads әлеуметтік желісінде әскери ант беру рәсімі кезінде жас жігіттің денсаулығы кенеттен нашарлағаны түсірілген бейнежазба тарады. Кадрлардан сарбаздың өзін жайсыз сезінгенін, кейін оны жедел жәрдем көлігімен алып кеткенін көруге болады.
Редакция тілшісі видеоға қатысты Қорғаныс министрлігіне хабарласып пікір сұрады. Министрліктің баспасөз қызметі бейнежазбаның ескі екенін және оқиға 2024 жылы Аягөз гарнизонында болғанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде таралып жатқан бейнежазба 2024 жылға тиесілі. Бұл Аягөз гарнизонында әскери ант беру рәсімі кезінде болған оқиға. Бұған дейін аталған жағдайдың мән-жайы түсіндірілген болатын. Әскери қызметшінің қал-жағдайының нашарлауы қатты толқығаннан болған. Оның денсаулығына қауіп төнген жоқ. Уақтылы медициналық көмек көрсетілді», – делінген министрліктің редакциямызға берген жауабында.
Сондай-ақ ведомство сарбаздың кейін әскери қызметін жалғастырғанын хабарлады.
«Кейін әскери қызметші мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін толық өтеп, Қарулы күштер қатарынан запасқа шығарылды», – деп нақтылады министрлік.
Демек, әлеуметтік желіде қайта тараған видео қазіргі оқиғаға қатысты емес. Бейнежазба екі жыл бұрын түсірілген. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбазға дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, ол әскери борышын толық өтеген.
Айта кетейік, бұған дейін біз Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде тараған әскерден босату туралы күмәнді жарнамаларға сенбеуге шақырғаны жайлы жаздық.


