NoFake

Әуежайда 53 келі багажын үстіне киіп алған әйелдің видеосы – фейк

Әуежайда 53 келі багажын үстіне киіп алған әйелдің видеосы – фейк

Коллаж: NoFake.kz

Әлеуметтік желіде артық багаж үшін ақша төлемеу мақсатында үстіне бірнеше қабат киім киген әйелдің видеосы тарады. Алайда кадрлар жасанды интеллект көмегімен жасалған, деп хабарлайды NoFake.kz.

Видеода әуежайда ұшаққа отыруды күтіп тұрған әйел бейнеленген. Оның үстіне бірнеше қабат киім кигенін көруге болады. Желіде ролик «Багажың 23 келі болуы керек, ал сенде 53 келі болғанда» деген жазумен таралып, қолданушылар арасында қызу талқыланып жатыр.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

Желі қолданушылары видеоның астына жарыса пікір қалдырған. Бірі мұны артық багаж үшін төлемеудің тиімді амалы деп қабылдаса, енді бірі әйелдің ұшақтағы орындыққа қалай отыратынына алаңдаған.

«Идея үшін рақмет! Енді артық багажды қалай алып өтуді білдім», – деп жазған қолданушылардың бірі. «Қызық, ол ұшақтағы орындыққа қалай отырады екен?» – деп сұраған тағы бір желі қолданушысы. Ал енді бірі: «Енді оған ұшақтан екі орын алу керек болады», – деп әзілдеген.

Скрин әлеуметтік желідегі пікірлерден

Алайда NoFake.kz редакциясы видеоны тексеру барысында оның 9 қарашада жарияланған түпнұсқасын анықтады. Ролик алғаш Instagram желісінде жарияланған.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

Парақша авторы жасанды интеллект көмегімен контент әзірлейтінін көрсеткен. Видеода жасанды интеллект қолданылғанын аңғартатын бірнеше белгі байқалады. Атап айтқанда, әйелдің сол жағындағы жолаушылар кезегін реттеуге арналған көк қоршау ленталары кей тұста бұлыңғырланып, бір сәтке жоғалып кетеді. Сондай-ақ ұшаққа отырғызу аймағындағы «Boarding», «Gate B42» деген жазуы бар тақтайшалар да қозғалыс кезінде пішінін өзгертіп, «жүзіп» тұрғандай көрінеді. Мұндай визуалды сәйкессіздіктер жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоларда кездеседі.

Ал бұл көрініс жарияланған аккаунтта осыған ұқсас, әуежайдағы түрлі жағдайлар бейнеленген басқа да видеоларды көруге болады.

Демек, желіде тараған кадрлар шынайы оқиғаны көрсетпейді. Әйелдің артық багаж үшін ақы төлемеу мақсатында үстіне ондаған киім кигені туралы видео жасанды интеллект көмегімен дайындалған.

Оқу үшін