Алматы метросында бомба бар деп жалған хабар берген әйел ұсталды

Фото: metroalmaty.kz
Алматыдағы «Райымбек батыр» метро станциясында бомба бар деген әйелдің хабарламасы жалған болып шықты. Полиция станцияны тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желілерде «Райымбек батыр» метро станциясының уақытша жабылғаны туралы ақпарат тарады. Жолаушыларға қоғамдық көліктің басқа түрін пайдалану ұсынылған.
Полиция не дейді?
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз әйел метро қызметкерлеріне станцияда жарылғыш құрылғы барын айтқан. Осыдан кейін ол бірден ұсталып, станцияда тексеру жұмыстары жүргізілген.
«Станция тиісті мамандардың қатысуымен тексерілді. Нәтижесінде жарылғыш құрылғылар мен күдікті заттар анықталған жоқ», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған әйел Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша оның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Полицияның хабарлауынша, метро қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында.


