«17 қарашаға дейін азық-түлік жинап алыңыз»: ТЖМ желідегі болжамдарға жауап берді

Фото: Depositphotos
Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтарды 17 қарашаға дейін азық-түлік, су, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды жинап алуға шақырған жазбалар тарады. Желі қолданушылары алдағы уақытта қандай да бір төтенше жағдай болуы мүмкін екенін болжап жатыр. NoFake.kz бұл ақпаратқа қатысты Төтенше жағдайлар министрлігінен түсініктеме сұрады.

Желі қолданушылары не жазып жатыр?
Threads желісінде қараша айында күтпеген жағдай болуы мүмкін деген болжамдар талқыланып жатыр. Жазба авторларының бірі тұрғындарға бір-екі аптаға жететін азық-түлік, ауызсу, батарейка, шам және дәрі-дәрмек дайындап қоюға кеңес берген.
«Қараша айына таман 1-2 аптаға жететіндей азық, су, батарейкалар, шам, дәрі жинап алыңыздар. Дүние шетелдік жаңалықтарда шулап кетті ғой. Бірдеңе болатын сияқты», – делінген жазбада.
Бұл пікір әлеуметтік желіде қызу талқыланып, мыңдаған реакция жинаған.
Пікір қалдырушылардың бірі алты баласына қажетті заттарды дайындауды тапсырғанын жазса, енді бірі мұндай болжамдардың жыл сайын айтылатынын еске салған.
«Жылда жаңа жылға қарсы осындай әңгіме шығады, тамақ алып қойың деген. Алла бетін аулақ, бірдеңе болған жағдайда да алған тамағың көп болса, бір жылға жетеді сосын? Елмен бірге көреміз не болса да», – деп жазған қолданушылардың бірі.
Тағы бір тұрғын 2012 жылы да ақырзаман болады деген қауесет тарап, адамдардың жаппай азық-түлік пен шам сатып алғанын еске түсірген.
ТЖМ не дейді?
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта тұрғындарға азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын шұғыл жинауға негіз болатын қандай да бір қауіп туралы ресми ескерту таратылмаған.
«Қазіргі уақытта ҚР ТЖМ халыққа азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын шұғыл жинау қажет болатын болжамды қауіптер немесе төтенше жағдайлар туралы ресми ескерту таратқан жоқ», – деп хабарлады ведомство.
Министрлік үш тәулікке жететін қажетті заттар қорын дайындау жөніндегі кеңестердің бар екенін растады. Алайда мұндай ұсыныстар нақты қауіптің туындағанын білдірмейді.
72 сағаттық қор не үшін қажет?
ТЖМ мәліметінше, үш тәулікке жететін азық-түлік, су және басқа да қажетті заттарды алдын ала дайындау – төтенше жағдайларға дайындық бойынша жалпыға ортақ профилактикалық ұсыным. Мұндай кеңес жер сілкінісі, су тасқыны және басқа да табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындардың алғашқы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Яғни, бұл – дәл қазір Қазақстанда қандай да бір қауіп төніп тұрғанын білдіретін ескерту емес, азаматтардың кез келген ықтимал төтенше жағдайға алдын ала дайын болуы үшін берілетін жалпы сақтық шарасы.
«Үш тәулікке (72 сағатқа) жететін ең қажетті заттар қорын алдын ала дайындау – жер сілкінісі мен су тасқынын қоса алғанда, ықтимал төтенше жағдайларға халықтың әзірлігін арттыруға бағытталған ұсынылатын шаралардың бірі. Бұл ұсынымдар профилактикалық сипатқа ие және тікелей қауіптің бар екенін білдірмейді», – деп түсіндірді ТЖМ.
Осылайша, әлеуметтік желіде тараған 1–2 аптаға жететін азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды шұғыл жинау туралы үндеулерді ТЖМ растаған жоқ. Ал үш күндік төтенше жағдай қорын дайындау – нақты қауіпке байланысты емес, алдын ала сақтық шарасы.
Айта кетейік, бұған дейін біз желідегі «Шетелдіктердің азық-түлік қорын жинауға үндеген жазбаларының Қазақстанға қатысы бар ма?» деген сауалға жауап бердік.


