Алаяқтар ескі сайттарды «тірілтіп» жатыр: кибершабуылдың жаңа әдісі қандай

Фото: pixabay.com
«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Ұлттық киберқауіпсіздікті үйлестіру орталығының басшысы Ұлықбек Шамбулов алаяқтардың қазіргі заманға сай бейімделіп келе жатқандығын және кибершабуыл жасаудың жаңа әдістерін пайдаланатынын жеткізді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Кибершабуылдардың қандай жаңа түрлері пайда болды?
Ұлықбек Шамбуловтың айтуынша, бүгінде алаяқтар ескі сайттарды тірілтіп, оларды фишинг сайтқа айналдыру әдісін ойлап тапқан.
«Қазір фишинг деген көп. Алайда жаңа сайттарда, егер қорғау құралдары болса, оны бірден тауып, сізге көрсетеді. Дегенмен алаяқтар да бір орында тұрмайды, олар ескі сайттарды тауып алып, «тірілтеді». Себебі, Google сияқты браузерлер сайт рейтингіне көп қарайды. Егер рейтинг жоғары болса, бірінші көрсетеді, ал егер рейтинг төмен болса, «төмен» дегеніміз – ол жаңадан ашылған сайт, оны тіпті көрсетпеуі де мүмкін», — деп түсіндірді ол.
Маманның сөзінше, алаяқтар мұндай жағдайда тіпті киберқауіпсіздік құралдарын да алдап өтуі мүмкін.
«Яғни бұл әдіс ескі сайттарды тірілтіп, олардың рейтингісін көбейтіп, кибеқауіпсіздік құралдарын алдап өтіп, фишингті сізге көрсетуге негізделеді», — деді ол.
Қазақстанда қай салаларға жиі кибершабуыл жасалады?
«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары бүгінде барлық салаларға шабуыл көп жасалатынын жеткізді.
«Себебі, ЖИ-дің арқасында оның барлығы автоматтандырылған. Егер бұрын таңдалып шабуыл жасалатын болса, қазір барлық салаға бірдей шабуыл жасалады. Ал, топ 3 салаға келер болсақ, біріншіден, бұл – мемлекеттік жүйелер. Екінші ол – инфрақұрылым. Үшінші ол қарапайым халық десек болады», — деді ол.
Кибершабуылдардың қандай түрлері бар?
Ұлықбек Шамбулов кибершабуылдарды қымбат және арзан шабуылдар 2-ге түрге бөлді.
«Қымбат шабуылдар хакерлердің тауып алған осалдықтары болып есептеледі, ондай шабуылдар мысалы 1 млн АҚШ доллары тұруы мүмкін. Олар кез келген қорғау құралын өте алатындай етіп жасады. Бірақ ол өте қымбат. Ал, екінші түріне келер болсақ, телефон арқылы шабуылдар жасалады. Ол кезде сіздің жақтан әрекет жасалуы керек, бір немесе екі, кейде үш әрекет жасалуы тиіс, сондықтан ол арзан», — деді ол.
Түйін
Кибершабуылдар бүгінде жекелеген ұйымдарды ғана емес, мемлекеттік жүйелерді, инфрақұрылымды және қарапайым азаматтарды да нысанаға алады. Ұлықбек Шамбуловтың айтуынша, ЖИ шабуылдарды автоматтандырып, олардың ауқымын кеңейткен. Алаяқтар ескі сайттарды қайта іске қосып, олардың іздеу жүйелеріндегі рейтингін пайдалану арқылы фишинг сілтемелерін көрсетуі мүмкін. Сондықтан күмәнді сайттардан сақ болып, белгісіз сілтемелерге өтпеу және телефон арқылы келген хабарламаларға қатысты шешім қабылдағанда мұқият болу маңызды.


