NoFake

«Миллиардтаған адам қаза табады»: Илон Масктың атынан дипфейк тарады

Фото. inform.kz

Әлеуметтік желілерде Илон Масктың су тапшылығы салдарынан миллиардтаған адам қаза табуы мүмкін екенін ескерткен видеосы тарады. Алайда кәсіпкер мұндай мәлімдеме жасамаған. Бейнежазбадағы дауыс жасанды интеллект көмегімен өзгертілген, деп хабарлайды NoFake.kz Full Fact зерттеуіне сілтеме жасап.

Видеодағы аудио түпнұсқаға тиесілі емес

Желіде тараған видеода Илон Масктың дауысы жасанды түрде жасалған. Бейнежазбада оның ерін қимылы да арнайы технология арқылы дыбысқа сәйкестендірілген болуы мүмкін. Фактчекерлердің айтуынша, видеода Масктың «жасанды интеллект судың барлығын пайдаланып жатыр, бұл ақырында миллиардтаған адамның өліміне әкеледі» деген мағынадағы сөздері айтылады. Алайда ол бұл сөздерді түпнұсқа сұхбатында айтпаған.

«Бұл видео жалған. Аудио өзгертілген, оның дауысы жасанды интеллект көмегімен клондалған болуы мүмкін. Масктың түпнұсқа видеосында су тапшылығы туралы ештеңе айтылмайды», – деп жазды Full Fact.

Фактчекерлер жалған видеоның негізінде Илон Масктың мамыр айында Forbes-ке берген сұхбатынан алынған кадрлар тұрғанын анықтаған. Сол кезде кәсіпкер OpenAI компаниясына қарсы сот ісі туралы пікір білдірген. Алайда сұхбатта су тапшылығы немесе оның салдарынан адамдардың жаппай қаза табуы туралы сөз болмаған.

Жалған видео криптовалюта жарнамасына пайдаланылған

Скрин видеодан.

Full Fact зерттеуінде видеодағы жалған мәлімдемелердің криптовалюта жарнамасымен байланысы да анықталған. Әлеуметтік желідегі кейбір жарияланымдарда видеоның үстіне «Илон Маск 2027 жылы 1 миллиард адам қаза табуы мүмкін екенін айтты»  деген жазу қойылған. Ал бейненің толық нұсқаларында Маск жасанды интеллект суды тауысып жатқанын айтып тұрғандай көрсетіледі. Жалған роликтің соңында USWR криптовалютасын сатып алуға шақырғандай болады. Басылым бұл активтің United States Water Reserve деп аталатын криптовалюта екенін атап өтті. Яғни ол АҚШ-тағы су инфрақұрылымын дамытуға арналған мемлекеттік жоба емес.

«Маск түпнұсқа сұхбатында су тапшылығын талқылаған жоқ және бұл криптовалютаны жарнамалаған емес», – делінген материалда.

Дипфейкті қалай анықтауға болады?

Фактчек мамандар видеодағы дыбыстың жасанды түрде жасалғанын көрсететін бірнеше белгіге назар аударған. Мысалы, роликке фондық музыка қосылған. Ол дыбыстағы сәйкессіздіктерді жасыруы мүмкін. Сонымен қатар бейнедегі фондық дыбыстың Forbes жариялаған түпнұсқа сұхбаттағы дыбыстан өзгеше екені анықталған.

Фактчекерлердің бағалауынша, видеоны жасау кезінде Илон Масктың дауысын клондау және ерін қимылын жасанды интеллект арқылы дыбысқа сәйкестендіру технологиялары қолданылған болуы ықтимал.

«Видеодағы аудионың жалған екенін көрсететін бірнеше белгі бар. Олардың бірі – роликке қосылған әлсіз музыка. Ол дыбыстағы сәйкессіздіктерді жасырады. Сонымен қатар фондық резонанс Forbes сұхбатындағы түпнұсқа дыбыстан ерекшеленеді», – деп жазылған сайтта.

Осылайша, басылым Илон Масктың су тапшылығы салдарынан миллиардтаған адам қаза табуы мүмкін екені туралы айтқанына дәлел жоқ екенін анықтады.

Оқу үшін