Соғыс аймағынан көмек сұраған қазақстандықтарға қатысты СІМ мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz
ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейге жұмыс іздеп барып, «соғыс аймағына күштеп әкетіп жатыр» деп көмек сұраған қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған азаматтарға көмектесу үшін қажетті шаралар қабылдануда. Оларды елге қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жедел желіге келіп түсетін әр өтініштегі ақпарат мұқият тексеріледі. Тексеру аяқталғаннан кейін қалыптастырылған тізім ресейлік тарапқа жолданатын болады», – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Министрлік бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады. Қазақстандықтарды елге қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында консультациялар жүргізіліп жатыр.
СІМ мәліметінше, бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ресей Федерациясының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілімен кездесті. Жақын арада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездеседі.
Сондай-ақ соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтағы қазақстандықтардың туыстарынан өтініш қабылдау үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді. Министрлікке азаматтардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және олар жасасқан еңбек шарттары туралы толық ақпарат қажет.
Контекст
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бір топ жас жігіттің видеоүндеуі тарады. Олар Ресейге жұмыс істеуге барғанын, кейін өздерін алдау арқылы әскери қызметке жібергенін айтып, Қазақстан билігінен елге қайтаруға көмектесуді сұрады.

Айта кетейік, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде жалдамалылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Алайда видеодағы азаматтардың нақты қандай жағдайда және қандай құжаттар негізінде соғыс аймағына барғаны әзірге толық анықталған жоқ. СІМ әр өтініш бойынша ақпарат жеке тексерілетінін мәлімдеді.


