NoFake

«АҚШ Ирандағы 140 нысанға соққы жасады»: желіде тараған видео рас па

Скрин видеодан

Әлеуметтік желіде АҚШ Иранға соққы жасады деп тараған роликте Таяу Шығыстағы ескі және жалған кадрлар қолданылған, деп хабарлайды NoFake.kz  Full Fact-қа сілтеме жасап.

Желіде тараған видеода АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары ретінде көрсетілген бір минуттық видеода жарылыс пен зымыран шабуылдарының сегіз кадры біріктірілген. Онда «АҚШ Ирандағы 140 нысанаға соққы жасады» деген жазу бар.

Алайда Full Fact жүргізген тексеру бұл кадрлардың АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарын көрсетпейтінін анықтады.

«Видеода Таяу Шығыстың әртүрлі аймақтарынан алынған ескі кадрлар, сондай-ақ жалған көріністер бар», – деп жазды Full Fact.

Фактчекерлердің мәліметінше, АҚШ 2026 жылғы 11 шілдеде Иран аумағындағы 140 әскери нысанаға соққы жасағанын хабарлаған. Бірақ әлеуметтік желіде тараған роликте сол шабуылдардың кадрлары жоқ. Видеоның алғашқы үш үзіндісінде төменгі сол жақ бұрышта «Armed forces archives // render footage» деген жазу көрінеді. Full Fact бұл кадрлардың ең ерте нұсқаларын 2026 жылғы 2 наурыздан тапқан. Ол кезде видео Израильге жасалған зымыран шабуылдары ретінде тараған. Алайда бастапқы жарияланымда кадрлар «болуы мүмкін сценарийді көрсететін рендер» деп сипатталған. Кейін бұл үзінділер бірнеше рет қайта жарияланып, шынайы шабуылдардың кадрлары ретінде ұсынылған.

 Кадрлардың бірі Ливанда түсірілген

Басылымның мәліметінше, роликтегі төртінші үзіндінің Иранға қатысы жоқ. Full Fact оны Ливанның оңтүстігіндегі Айн-Кана ауылына жасалған Израиль әуе шабуылының кадрларымен сәйкестендірді. Фактчекерлердің жазуынша, бұл видео 2026 жылғы ақпанда Associated Press Archive жариялаған материалда болған.

«Төртінші клипте жарылыстан кейін ғимараттардың арасынан қою түтін көтеріліп жатқанын көруге болады. Алайда бұл көріністер Иранда түсірілмеген», – деп атап өтті Full Fact.

Тағы бір видео 2023 жылы Газадан

Келесі кадрда тұрғын үй ғимаратының құлағаны көрсетіледі. Full Fact оның 2023 жылғы қазандағы Газа секторындағы қақтығыс кезінде түсірілген ескі видео екенін анықтаған.

«Бұл видео 2023 жылғы қазанда Газадағы тұрғын үй ғимаратының құлағанын көрсететін кадрлармен сәйкес келеді», – делінген фактчек материалында.

Ал алтыншы үзіндінің қай жерде және қашан түсірілгенін тексерушілер анықтай алмаған.

Соңғы кадрлар жасанды болуы мүмкін

Роликтің соңғы екі үзіндісінде биік ғимараттардың үстімен ұшып бара жатқан зымырандар көрсетілген. Full Fact олардың жалған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Фактчекерлер тапқан ең алғашқы нұсқалардың бірінде араб тіліндегі сипаттама болған. Оның аудармасы: «бөлшектенетін зымыран мен әуедегі жарылыс симуляцияланған».

Сонымен қатар кадрлардың аудиосынан SynthID белгісі анықталған. Бұл материалдың Google-дың жасанды интеллект құралдарымен жасалғанын немесе өңделгенін білдіреді. Full Fact видеоны «ішінара жалған» деп бағалады.

«Видео АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларын көрсетпейді. Оның орнына онда Таяу Шығыстың әртүрлі аймақтарынан алынған ескі кадрлар мен жалған көріністер біріктірілген», – деп қорытындылады фактчекерлер.

Айта кетейік, бұған дейін біз әлеуметтік желілерде шынайы фото мен видеоларды қазіргі оқиғалармен байланыстырып тарату — ақпаратты бұрмалаудың кең таралған тәсілдерінің бірі екені туралы жаздық.

Оқу үшін