Астанада клиенттерге жалған құжат ұсынған автосалон директоры сотталды

Фото: Depositphotos
Астанада Қытайдан автокөлік әкелуге уәде беріп, клиенттердің ақшасын жеке мақсатына жұмсаған автосалон директоры сотталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, автосалон директоры бір жыл бойы клиенттермен Қытайдан автокөлік сатып алу және жеткізу бойынша брондау шарттарын жасасқан.
«Сатып алушылардан алынған ақшалай қаражатты жеке мақсаттарына пайдаланған. Автокөліктерді жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындап жатқандай көрініс жасау мақсатында жәбірленушілерге банктік аударымдар жасалғаны туралы жалған құжаттарды ұсынған», – делінген хабарламада.
Сотта мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдеді.
«Сот үкімімен оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қоюлар қанағаттандырылды», – деп хабарлады прокуратура.
Үкім заңды күшіне енді.Сотталушының әрекетінен 6 адам зардап шегіп, оларға 128 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.


