«Бізді ұрып-соқты»: Алматы полициясы өздерін айыптаған жұптың мәлімдемесіне жауап берді

Фото: polisia.kz
Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерін күш қолданды және заңсыз әрекеттер жасады деп айыптады. Алматы қаласының Полиция департаменті аталған мәлімдемеге қатысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, оқиға 19 қыркүйек күні таңғы сағат 06:00 шамасында болған. Ол жігітімен бірге полиция қызметкерлері тарапынан ұсталғанын мәлімдеді.

Қыздың сөзінше, ұстау кезінде оларға физикалық және психологиялық қысым көрсетілген.
«Бізге физикалық күш қолданылып, адам қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттер жасалды. Жігітімді ұрып, қолы мен аяғын қайырды, қолын кілтпен жарақаттады, басын қабырғаға соқты, шашынан сүйреп, аяғын басты. (…) Маған да физикалық және психологиялық қысым көрсетілді. Сонымен қатар маған қатысты келісімімсіз сексуалдық сипаттағы, ар-намысымды қорлайтын әрекеттер жасалды», – деп жазды ол.
Желі қолданушыларының ұстауға не себеп болғаны туралы сұрағына автор полиция қызметкерлері ешқандай түсініктеме бермегенін айтқан.
«Бізге келіп, алып кетті де, ештеңе түсіндірмеді. Не болып жатқанын және бізді қандай негізде ұстап жатқанын сол күйі түсінбедік», – деді ол.
Алматы полициясы не дейді?
Алматы қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған айыптауларды жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, 19 қыркүйек күні сағат 06:30 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындарынан аулада қоғамдық тәртіп бұзылып жатқаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде болған жас жігіт пен қызды анықтаған. Олар аулада қатты дауыстап, жанжалдасып, тұрғындардың тыныштығын бұзған. Полиция қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтату туралы заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен», – делінген ПД түсініктемесінде.
Екі азамат та полиция бөлімшесіне жеткізілген. Полицияның мәліметінше, онда олар агрессивті мінез-құлық танытып, өзара жанжалды жалғастырған, процессуалдық әрекеттерге кедергі келтіріп, қызметкерлерге күш қолданып қарсылық көрсеткен.
Ведомство оқиға кезіндегі полиция қызметкерлерінің әрекеті мен екі азаматтың мінез-құлқы бейнебақылау камераларына жазылғанын мәлімдеді.
«Қолда бар бейнежазбалар полиция қызметкерлерінің азаматтарға қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны туралы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын көрсетеді», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Екі азаматқа қатысты қоғамдық тәртіпті бұзу және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау фактілері бойынша әкімшілік істер қозғалып, материалдар соттың қарауына жолданды.
Ал әлеуметтік желіде жарияланған полиция қызметкерлеріне қатысты айыптауларға бөлек құқықтық баға берілмек. ПД мәліметінше, егер көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі анықталса, оған заңда белгіленген тәртіппен шара қолданылады.


