Желіде тараған аса қауіпті инфекциялар орталығындағы өрт туралы видео — ескі

Скрин видеодан
Әлеуметтік желіде Алматыдағы аса қауіпті инфекциялар орталығында өрт шыққаны туралы видео тарады. Жазбада оқиға жақында болғандай көрсетілген. Алайда видео қыркүйекте болған өрт кезінде түсірілген, деп хабарлайды NoFake.kz.
Желі қолданушыларының бірі кеше «Обыр обырымен, ал Алматыда аса қауіпті инфекциялар ортылығында өрт шықты», — деген видео жариялады.

Сондай-ақ, ол оқырмандардан оқиғаға қатысты пікір білдіруді сұрайды. NoFake.kz бұл ақпаратты тексеру үшін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне сұрау салды. Маңыздысы, әлеуметтік желідегі жазба 20 сағат бұрын жарияланған. Ал ТЖД-ның ресми жауабында бұл өрттің 20 қыркүйек күні сағат 23:45-те болғаны, яғни 21 қыркүйекке қараған түні тіркелгені айтылған.
«Оқиға орнына бірнеше минуттан кейін жеткен өрт сөндірушілер екі қабатты әкімшілік ғимараттың екінші қабатында тұрмыстық техника мен заттардың жанып жатқанын анықтады. Өрт шамамен 20 шаршы метр аумақты қамтыған. Сағат 00:38-де өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД.
Өртті сөндіруге ТЖД-ның 20 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылған.
«Өрттің шығу себебі анықталуда. Алдын ала себеп – қысқа тұйықталу», – делінген Алматы қаласы ТЖД жауабында.
Өрт зертханаларда болды ма?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өрт Ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығының әкімшілік ғимаратындағы тұрмыстық мақсаттағы қойма бөлмесінде болған. Зертханалық бөлмелер өрттен зардап шекпеген.
«Арнайы зертханалық жұмыстар жүргізілетін бөлмелерге өрт тимеді, олардың герметикалығы бұзылған жоқ. Инфекциялық аурулардың таралу қаупі де, тұрғындар үшін қауіп те жоқ», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Қайта жүктелген ескі видео
Бұл өртке қатысты тағы бір видео әлеуметтік желіге қайта жүктелген. Бір тәуліктен аз уақыт бұрын жүктелген бейнеде түнгі уақытта орталықтың жанынан өтіп бара жатқан адам қақпаның алдында тұрған өрт сөндіру көліктерін байқап, қызметкерлерден «оқу-жаттығу өтіп жатыр ма?» деп сұрайды. Өрт сөндірушілер оған «өрт» деп жауап береді.

Осылайша, әлеуметтік желіде тараған видео шынайы, бірақ ескі және контекстен жұлып алынған. Өрт 20 қыркүйектен 21 қыркүйекке қараған түні болған. Ресми мәлімет бойынша, өрт зертханалық бөлмелерге тимеген, олардың герметикалығы бұзылмаған және инфекция таралу қаупі болмаған.


