Ресейде оба жұқтыру жағдайлары анықталмады: Роспотребнадзор мен ҚР ДСМ мәлімдемесі

Фото: Depositphotos
Қазнетте Ресейдің Иркутск облысында оба тарап жатқаны туралы ақпарат пен осыған байланысты Қазақстан–Ресей шекарасын жабу керек деген пікірлер тарай бастады. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен екенін хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдайдан кейін Қазақстан эпидемиологиялық ахуалды бақылауға алған.
Елімізде алдын алу шаралары қабылданып, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.
«Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр», — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталмаған, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталуда. Медициналық бақылауға науқаспен байланыста болған 197 адам алынған. Қолда бар мәлімет бойынша, олардан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс шыққан.
Ресей тарапы не дейді?
4 қазанда Роспотребнадзор Иркутск облысы, Иркутск қаласы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Өңірде оба жұқтыру жағдайлары анықталмаған.
Ресейлік ведомство мәліметінше, Иркутск облысындағы 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі әзірге «этиологиясы анықталмаған пневмония» ретінде көрсетіліп отыр.
Бұған дейін Иркутскідегі Сібір және Қиыр Шығыс обаға қарсы институты қызметкерінің ауруға шалдығуына байланысты арнайы тексеру жүргізілген. Зерттеу барысында оның кәсіби қызметіне байланысты қауіпті микроорганизмдер анықталмаған.
Қазір не белгілі?
Қазіргі ресми деректер Иркутск облысында оба тарап жатыр деген ақпаратты растамайды. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де инфекцияның елге әкеліну қаупін төмен деп бағалап отыр. Сонымен бірге эпидемиологиялық тергеп-тексеру әлі жалғасып жатқандықтан, нақты қорытынды диагноз ресми түрде жарияланған жоқ.
Министрлік азаматтарға ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және сапардан кейін ауру белгілері байқалса, дәрігерге жүгініп, қай жерде және қай күндері болғанын хабарлауға кеңес берді.


