NoFake

Әлсіз құпиясөз бен күмәнді сілтеме: вице-министр кибершабуылдардың негізгі себептерін атады

Иллюстративное фото: depositphotos.com

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мемлекеттік жүйелерге жасалатын кибер шабуылдар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

AI & Digital Bridge 2026 форумына қатысқан ол, мемлекеттік жүйелердің кибершабуыл әсерінен істен шығуына қатысты жағдайлардың 80%-дан астамы адами фактордың себебінен болатынын түсіндірді. Бұл ретте вице-министр құпия сөздердің әлсіздігі, күмәнді сілтемелер мен файлдарға өту, сондай-ақ қарапайым антивирустың болмауы салдарынан, алаяқтар жүйені бұзып жататынын жеткізді. Сондай-ақ, ол кибершабуылдар барлық мемлекеттік жүйелерге жасалатынын жасырмады.

«Жүйеге кибершабуыл жасаудың бірнеше себептері болуы мүмкін. Барлығы шабуыл жасайтын адамның қызығушылығына байланысты. Егер ол біреудің қандай да бір деректерін іздесе, нақты адамға шабуыл жасайды. Егер қандай да бір қаржылық мақсатты көздесе, қаржы секторына шабуыл жасайды. Бұл — жүйені істен шығаруға бағытталған DDoS-шабуылдар деп аталатын шабуылдар. Сондай-ақ бұзу, вирус қолдану арқылы жасалатын шабуылдар бар», — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, шабуылдардың басым бөлігін тоқтатуға мүмкіндік бар. Алайда кейбіріне тосқауын болу қиын және бұған көп жағдайда пайдаланушылардың өздері жіберетін қателер себеп болады.

«Әрине, қандай да бір шабуылдар өтуі мүмкін. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұзушылықтардың 80%-дан астамы адами факторға байланысты болып отыр. Яғни, адамдар кибергигиенаның қарапайым талаптарын сақтамайды. Мысалы, антивирус орнатпайды, күмәнді сілтемелерді басады, күмәнді файлдарды ашады, күрделі құпиясөздерді қолданбайды немесе екі факторлы аутентификацияны пайдаланбайды», — деді вице-министр.

Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан бүгінде мемлекеттік жүйелерді кибершабуылдардан қорғау жұмысын күшейтіп жатыр. Ол бұл мақсатта 2026 жылы киберқауіпсіздік туралы заң қабылданып, дербес деректерді қорғауға қойылатын талаптар күшейтілгенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін AI институтының басшысы Ли Кай Фу ЖИ адамдарды жұмыссыз қалдырады деген пікірге қатысты өз ойын ортаған салған еді.

Оқу үшін