Жалған инвестициялық жобаларға қалай алданбаймыз: АХҚО басшысынан кеңес

Фото: aifc.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы басшысы Ренат Бектұров Астанада өтіп жатқан «AI and Digital Bridge» форумында қазақстандықтар көп алданып жататын жалған инвестициялық жобарар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Жалған инвестициялық жоба дегеніміз не?
АХҚО басшысы Ренат Бектұров алдымен жалған жоба ұсынатын қандай компаниялар болатынына тоқталып өтті.
«Біріншіден, қаржы саласындағы компания болса, онда әрине лицензия болуы керек. Мысалы АХҚО-дан, біздің AFSA-дан немесе басқа да реттеуші органдардан лицензия болуы тиіс. Сондай-ақ лицензияларға да арнайы тоқталу керек, себебі оның да түрлері көп», — деді ол.
Лицензияның қандай түрлері болуы мүмкін?
Бұл ретте АХҚО басшысы лицензияның бірнеше түрін тізіп берді.
«Кеңес беретін лицензия болуы мүмкін, сіз үшін нақты шешім қабылдайтын лицензия түрі болады немесе брокер ретінде, сіз тапсырыс берген жағдайда, құнды қағазға лицензия беру сияқты түрлері бар. Бірақ лицензияның барлығы ол бизнеске қатысты мәселе шығып, ол банкрот болып қалмайды деп нақты кепілдік бере алмайды. Яғни, оның өзі 100 пайыз кепіл бола алмайды», — деді ол.
Оның сөзінше, инвестициялық шешімді әр азамат өзі қабылдайды, десе де компанияның заң аясында жұмыс істеуін азаматтар міндетті түрде тексеруі тиіс.
Сыни ойлау — алаяқтар мен жалған инвестициялық жобалардың арбауына түспеудің бірден-бір жолы
АХҚО басшысы Ренат Бектұровтың айтуынша, жалған инвестициялық жобалар мен алаяқтардың арбауына түспеудің бірден-бір жолы — сыни ойлау қабылетін дамыту.
«Әр адам көп оқып, сыни ойлау қабылетін дамыту керек және бұл депозит, облигацияларға инвестиция құю сияқты барлық салаларға қатысты болуы тиіс. Яғни, адамдар ұсынылған ақпаратты бірден қабылдамай, оны бағалай білуі керек», — деді ол.
Айта кетейік, Астанада кешеден бері «AI and Digital Bridge» форумы өтіп жатыр. Оған көптеген елдер мен Қазақстаннан IT, ЖИ cаласының өкілдері, банк, қаржылық қызмет саласының мамандары мен білікті сарапшылар қатысып жатыр.


