Жүрек ауруы бар адамға спортпен айналысуға болмайды деген рас па

Фото: Depositphotos
Жүрек-қан тамырлары ауруы анықталған адамға спортпен шұғылдануға болмайды деген пікірді UMC Жүрек орталығының кардиологы Исламбек Лаисканов растамады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Кардиологтың редакциямызға керісінше, денсаулық жағдайына сай таңдалған қалыпты физикалық белсенділік адамға тіпті пайдалы болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ жүрек дәрігер физикалық жүктеме адамның нақты диагнозына және жағдайына қарай белгіленуі керектігін ескертті.
«Жүрек-қан тамырлары ауруымен есепте тұрған адамдардың бәріне физикалық белсенділікті тоқтатуы керек демейміз. Керісінше, жаяу жүру, жеңіл жүзу сияқты аэробты жаттығулар пайдалы», — деді дәрігер.
Ал жүрек тұсында кенеттен қатты ауырсыну пайда болса, инфаркт белгілері байқалса, аритмия немесе жүрек жеткіліксіздігі болса, дәрігер жаттығуды өз бетінше жалғастыруға болмайтынын ескертеді. Мұндай жағдайда алдымен дәрігердің тексеруі қажет.
Жас, әрі спортпен айналысатын адамның жүрегі міндетті түрде сау бола ма?
Қоғамда жас, әрі спортпен шұғылданатын адамдардың кенеттен жүрек ауруаына шалдығып жататын кездері жиі кездеседі. Бұл туралы кардиолог адамның сыртқы келбетіне қарап оның жүрегінің жағдайын анықтау мүмкін емес екенін айтады.
«Әсіресе спортпен белсенді айналысатын жастарда байқалмай жүрген жүрек аурулары болуы ықтимал. Кейбір туа біткен немесе кейін пайда болған жүрек патологиялары ұзақ уақыт бойы білінбейді. Ал жоғары физикалық жүктеме кезінде мұндай аурулар жүрек ырғағының бұзылуына және басқа да қауіпті жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Сыртына қарап адамның жүрегі ауыра ма, жоқ па, айта алмайсың. Спортпен айналысатын жастардың арасында туа біткен немесе жүре пайда болған жүрек аритмиялары кездеседі»,— деді Исламбек Лаисканов.
Сондықтан баланы ауыр немесе кәсіби спортқа бермес бұрын оның денсаулығын тексеру маңызды. Дәрігер жүрекке қатысты тексерулерден өтіп, содан кейін ғана физикалық жүктеме деңгейін таңдауға кеңес береді.
«Әр баланы спортқа берерден бұрын жүрегін тексерген дұрыс. УЗИ, эхокардиография, Холтерлік мониторинг жасау керек. Содан кейін кардиологтың рұқсатымен ауыр спорт түрлеріне беруге болады», — деді маман.
Ал жүрек тұсында бұрын болмаған немесе кенеттен пайда болған жағдайда дәрігерге қаралған жөн. Кардиолог ауруды өз бетімен анықтауға немесе жүктемені өз бетінше белгілеуге емес, дер кезінде тексеріліп, маманның ұсынысына сүйенуге шақырды.
Статин қабылдасаң, майлы тамақ жеуге бола ма?
Холестерин деңгейін төмендету үшін статин қабылдайтын адамдар арасында «дәрі ішіп жүрсем, тамақтануға шектеу қоймасам болады» деген түсінік кездеседі. Кардиолог бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, дәрі қабылдау дұрыс тамақтану қағидаларын алып тастамайды.
«Статин ішкен адамдар диета сақтамауға болады деген сөз емес. Біріншіден, адам дұрыс тамақтануы, майлы тағамды шектеуі керек, содан кейін оған статин қосылады»,— деді Исламбек Лаисканов.
Демек, холестеринді төмендететін препараттар мен тамақтану тәртібі бірін-бірі алмастырмайды, керісінше, емдеу жоспарының әртүрлі бөліктері ретінде қарастырылады.


