Желідегі Юрий Пяның бейнесі арқылы дәрі жарнамасы — жалған

Фото: UMC Жүрек орталығы
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандық белгілі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, «University Medical Center» (UMC) корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Юрий Пяның бейнесі мен дауысын қолданған жалған жарнамалар тарап жатыр. Роликтерде дәрігердің атынан түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер ұсынылған, деп хабарлайды NoFake.kz
Бұл туралы редакциямызға UMC Жүрек орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді. Хабарламада видеолардың шынайы емес екені және дәрігердің мұндай жарнамаларға қатысы жоқ екені жазылған. Ұйымның хабарлауынша, видеолар жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған дипфейктер.

«Бұл видеоматериалдар — дипфейктер және олардың Юрий Пяға да, UMC-ге де еш қатысы жоқ», — деп хабарлады медициналық орталықтың баспасөз қызметі.
Жүре орталығы таратқан ақпаратқа сәйкес, Юрий Пя аталған роликтерді өзі түсірмеген және әлеуметтік желілерде жарияламаған. Сондай-ақ ол өзінің бейнесі мен дауысын мұндай мақсатта пайдалануға рұқсат бермеген.

«Юрий Пя бұл роликтерді түсірген де, таратқан да жоқ, өзінің бейнесі мен дауысын пайдалануға келісім берген жоқ және онда көрсетілген препараттарды жарнамаламайды»,— делінген UMC мәлімдемесінде.
Дәрігердің бейнесін пайдаланып дәрі жарнамалауға бола ма?
Жүрек орталығы азаматтардың назарын тағы бір маңызды мәселеге аударды. Қазақстан заңнамасында медицина қызметкерлерінің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуына шектеу қойылған.
Сонымен бірге денсаулық сақтау саласы мамандарының пікірін немесе ұсынымын дәрілік препараттарды жарнамалау және насихаттау мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медицина қызметкерлеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға, сондай-ақ денсаулық сақтау саласы мамандарының ұсынымдарын осындай препараттарды ілгерілетуге бағытталған жарнамада пайдалануға тыйым салынады», — деп еске салды мекеме.
Жалған роликке сеніп, дәрі сатып алмау керек
Жүрек орталығы азаматтарды әлеуметтік желілердегі мұндай жарнамаларға сақтықпен қарауға шақырды. Әсіресе дәрі-дәрмекке қатысты шешімді әлеуметтік желідегі қысқа видеоға немесе белгісіз аккаунттың ұсынысына сүйеніп қабылдамау қажет.
«Мұндай видеоматериалдарға сенбеуді және тексерілмеген дереккөздердегі ақпаратқа сүйеніп дәрілік заттарды сатып алу немесе қолдану туралы шешім қабылдамауды сұраймыз», — делінген ресми хабарламада.
UMC өз мамандары мен мекеменің қызметіне қатысты нақты ақпаратты тек ресми ақпарат көздерінен тексеруге кеңес берді. Медициналық орталық дипфейк видеолардың таралуын тоқтатуға байланысты қажетті шаралар қабылданып жатқанын да мәлімдеді.
«UMC аталған материалдардың таралуына байланысты қажетті шараларды қабылдап жатыр», — делінген мәлімдемеде.
Мамандардың бейнесі мен дауысын жасанды интеллект арқылы қолдан жасап, медициналық өнімдерді жарнамалау азаматтар үшін қосымша қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан дәрі немесе медициналық құрал туралы ақпаратты сатып алмас бұрын оның өндірушісін, тіркеу деректерін және ресми ақпарат көздерін тексерген жөн.


