NoFake

Отандық БАҚ лицензиясы жоқ шетелдік инвестициялық жобаларды жарнамалағаны рас па

Фото: Gov.kz

Бүгін Құрылтай отырысында «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаты Юрий Ли отандық БАҚ Қазақстанда өзін инвестициялық брокер ретінде таныстырған, алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен немесе АХҚО-да лицензия алмаған шетелдік интернет-жобаларды жарнамалап жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Партия өкілінің айтуынша, мұндай материалдар әлеуметтік желілермен қатар өңірлік және салалық интернет-басылымдарда да жарияланған. Жарнамалық материалдар көбіне «пікір», «шолу» немесе «талдау» түрінде рәсімделіп, оқырманға тәуелсіз журналистік материал ретінде қабылданған.

«Ақ жол» депутаттық фракциясының мониторингіне сәйкес, 2023-2026 жылдары 51 қазақстандық интернет-ресурста 48 жобаға қатысты 168 жарияланым анықталған. Бұл ретте қаржы нарығында қызметті тиісті лицензиясыз жүзеге асыруға заңнамада жол берілмейтінін атап өткім келеді. Алайда аталған материалдардың бір бөлігінде лицензияның бар-жоғы, оның нөмірі және лицензия берген орган туралы ақпарат көрсетілмеген», — деді ол.

Депутат мұны жекелеген жағдай емес екенін, қаржылық қызмет көрсететін ұйымдардың заң талаптарына сәйкестігін тексермей жатып жарнамасын тарату белгілері бар жүйелі тәжірибе екенін атап өтті.

«Осы ретте Industrial Trading жобасына қатысты жағдайды атап өткім келеді. Аталған жоба Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жосықсыз қызмет белгілері бар ұйым тізіміне енгізілген. Одан бөлек, ІІМ сайтында «Industrial Trading» брендіне қатысты қылмысты тергеу туралы ақпарат бірнеше рет жарияланған еді. Атап айтқанда, азаматтарды тиісті схемаларға тарту және оларға мүліктік залал келтіру фактілері туралы айтылған. Соған қарамастан, кей сайттарда оған қатысты материалдар әлі де жарияланып жүр», — деді ол.

Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы қаржы реттеушісі мен құқық қорғау органдарының назарында тұрған жоба туралы материалдардың қазақстандық интернет-ресурстарда не себепті әлі де таралып жатқанын сұрады.

«2026 жылдың қаңтар-шілде айларында осындай қызмет белгілері бар төрт жобаға қатысты кемінде 19 жарияланым анықталған. Олардың қатарында NTXPrime, GlobalReachОut, Blu-Alliance және JPM Analytics жобалары бар», — деді ол.

Құрылтай отырысында депутат аталған деректер бойынша кешенді тексеру жүргізу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, бүгін Құрылтай компьютерлік қылмыстар туралы халықаралық конвенцияны ратификациялады. Құжат киберқылмысқа қарсы жаһандық күресті күшейтуге және елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Оқу үшін