Бангкок көшесінде қайық жүзіп жүр: желіде тараған видео ЖИ арқылы жасалған

Фото: factcheck.afp
Әлеуметтік желіде Таиланд астанасы Бангкоктағы су басқан көшелердің бірінде дәстүрлі ұзын қайықтың көліктер арасымен жүзіп бара жатқан видеосы тарады. Алайда кадрлар шынайы емес. AFP Fact Check видеоны жасанды интеллект көмегімен жасалғанын анықтады.
«Видеоны мұқият қараған кезде көшедегі маңдайшалардағы жазулардың бұрмаланғанын көруге болады. Бұл – синтетикалық контентке тән белгілердің бірі», – деп жазады AFP Fact Check.
Видео 28 қыркүйекте TikTok желісінде жарияланған. Онда су басқан жолмен дәстүрлі тай қайығы жүзіп барады, жол жиегінде көліктер тұр, ал түрлі түсті жаңбырлық киген адамдар суда жүр. Кейін видео Facebook желісіндегі тай және бирма тіліндегі парақшаларда да тараған.
Кадрлардың шынайы көрінуіне Бангкоктағы нақты жағдай да әсер еткен. Қыркүйектің соңында бірнеше күн бойы жауған нөсер салдарынан қала көшелерін су басып, тұрғындар кей аудандарда үрлемелі құралдар мен шағын қайықтарды пайдалануға мәжбүр болған. 29 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Бангкоктағы су тасқынынан кемінде төрт адам қаза тапқан. Ал Таиланд бойынша қыркүйектің ортасынан бері су тасқынынан көз жұмғандар саны 23 адамға жеткен.
Видеодан қандай сәйкессіздіктер табылды?
AFP журналистері кадрларды тексеру барысында бірнеше күмәнді детальға назар аударған. Видеода жол мен ғимараттардағы маңдайшаларда «SCB Park Plaza» деген жазу көрінеді. Алайда бұл аумақты Google Street View-дегі нақты көрініспен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылықтар анықталған.

Мәселен, видеода су басқан көшенің дәл үстімен үлкен бетон эстакада өтеді. Шын мәнінде SCB Park Plaza ғимаратының алдында мұндай құрылыс жоқ.
Ғимараттардың сәулеті де сәйкес келмейді. Нақты Siam Commercial Bank кешені заманауи шыны қасбеті және ерекше архитектурасымен ерекшеленсе, желідегі видеода оның орнында ақ түсті төртбұрышты биік ғимараттар көрсетілген.
Сонымен қатар AFP видеоны Meta компаниясының жасанды интеллект контентін анықтауға арналған құралымен тексерген. Талдау нәтижесінде кадрлардан генеративті жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке тән цифрлық белгілер анықталған.
Осылайша, Бангкокта қыркүйектің соңында шынымен де ауқымды су тасқыны болғанымен, әлеуметтік желіде тараған дәстүрлі қайықтың қала көшесімен жүзіп бара жатқан видеосы шынайы кадр емес, жасанды интеллект көмегімен жасалған.


