Маңғыстаудағы қайғылы оқиға туралы жалған ақпарат таратқандар жазаланды

Фото: Polisia.kz
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан азаматтар анықталды. Олардың бірқатарына сот шешімімен 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлады полиция.
«Д.С. және Г.С. есімді азаматтардың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларына әскери қызметші А.А. туралы ақпарат жариялағаны белгілі болды. Жарияланымдарда оның суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, өз бетімен жағаға шыққаны, сондай-ақ оның ерлігі мен құтқарылу жағдайлары қасақана жасырылып отырғаны туралы мәліметтер таратылған»,- деді полицияның баспасөз қызметі.
Алайда Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, А.А. оқу-жаттығу кезінде жағалауда болып, жоспарға сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Онымен бірге жағалауда мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. болған. Қазір екі әскери қызметші де әскери бөлімде қызметін жалғастырып жатыр.
«Тексеру барысында Д.С. бұл ақпаратты алыстағы туыстарынан естігенін айтқан. Ал Г.С. мәліметті әлеуметтік желіден көріп, шынайылығын тексерместен өз парақшасында жариялағанын түсіндірген. Полиция бұдан бөлек, оқиғаға байланысты тағы екі жалған ақпараттың авторларын анықтады. Шымкент тұрғыны С.К. Facebook парақшасында тағы бір әскери қызметші қаза тапты деген ақпарат жариялаған. Сондай-ақ марқұмның туыстарына қысым көрсетіліп, олардан ақша талап етіліп жатқанын жазған»,- делінген хабарламада.
Көкшетау тұрғыны К.О. да Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны туралы расталмаған мәлімет таратқан. Полицияның хабарлауынша, бұл ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді. Әкімшілік материалдарды қараған сот аталған тұлғаларды жауапкершілікке тартып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салған.
Басқа тұлғалардың материалдарын қайта жариялау арқылы шынайы ақпаратқа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату да жауапкершіліктен босатпайды.


