NoFake

Жетісуда TikTok арқылы заңсыз ойын ұйымдастырған төрт адам сотталды

Фото: depositphotos

Жетісу облысында TikTok арқылы заңсыз карта ойындарын ұйымдастырған төрт адам сотталды. Олар заңсыз ойын бизнесінен 95 млн теңге табыс тапқан, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырған төрт адамның қызметі тоқтатылған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында облыстың төрт тұрғынының, олардың біреуі қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде кәмелетке толмаған болған, TikTok әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирлерде заңсыз карта ойындарын ұйымдастырғаны анықталды», — делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар осы әрекеттері арқылы 95 млн теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабының 3-бөлігімен — заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген.

«Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілей отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды», — деп хабарлады Бас прокуратура.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Жетісу облысының прокуратурасы әлеуметтік желілер мен басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланып заңсыз құмар ойындарын ұйымдастыру фактілерін анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Оқу үшін