Шынайы видео, жалған контекст: желідегі манипуляция қалай жасалады

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желілерде шынайы фото мен видеоларды қазіргі оқиғалармен байланыстырып тарату — ақпаратты бұрмалаудың кең таралған тәсілдерінің бірі. Кадрдың өзі жалған болмаса да, оған басқа контекст беру арқылы мағынасын өзгертуге болады. Мұндай манипуляция қалай жұмыс істейді және оны қалай ажыратуға болады? Бұл туралы халықаралық журналист Әсел Қайролла NoFake.kz тілшісіне Түркиядағы оқиғаларды мысалға ала отырып айтып берді.
Оның сөзінше, ең жиі кездесетін тәсіл — шынайы кадрдың контекстін ауыстыру.
«2023 жылы Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанда, ғимараттың құлаған видеосы “Кахраманмараштағы бүгінгі сәт” деген сипаттамамен тарады. Кейін журналистер кадрдың 2020 жылы Измирдегі жер сілкінісі кезінде түсірілгенін анықтады. Видео жалған емес, бірақ астындағы бір сөйлем оның мағынасын толық өзгертті», – деді ол.

Журналист Балқаш аспанындағы жарық түсірілген ескі видеоның да Түркиядағы жер сілкінісіне қатысты «белгі» ретінде таратылғанын айтты.

Кейін оның 2022 жылы жарияланғаны және жарықтың Байқоңырдан ұшырылған «Союз МС-22» кемесімен байланысты екені анықталған.
«2020 жылғы Бейрут портындағы жарылыс видеосын “Түркияда жер сілкінісінен кейін атом станциясы жарылды” деген мәтінмен таратқан. Мұнда кадрдың өзін өңдеудің де қажеті жоқ: қорқынышты видеоға жалған түсіндірме қосу жетіп жатыр. Дауыс, музыка немесе монтаж сол әсерді күшейте алады. Кейде манипуляцияның негізгі құралы бар болғаны жаңа тақырып», – деді Әсел Қайролла.
Қорқыныш пен ашу аудиторияға әсер етеді
Сарапшы мұндай контенттің мақсаты әртүрлі болуы мүмкін екенін айтты. Оның ішінде қаралым жинау, белгілі бір тарапқа қарсы көңіл-күй қалыптастыру, қоғамды шатастыру немесе дағдарысты ауқымды етіп көрсету бар.
«Қорқыныш пен ашу туғызатын кадр бұған өте қолайлы, өйткені адам оны көрген сәтте бірден әрекет еткісі келеді. Бірақ әр таратушыны әдейі манипуляция жасады деп айтуға болмайды. Біреу оны ойлап шығарады, ал келесі адам жақындарына ескерту жасаймын деп адал ниетпен бөлісуі мүмкін», – деді медиа сарапшы.
Оның айтуынша, дағдарыс кезінде адамдар жылдам ақпарат іздейді. Мұндай сәтте әсерлі видео мен сенімді көрінетін жазба дайын жауап ретінде қабылдануы мүмкін.
«Дағдарыс кезінде адамға жылдам ақпарат керек: “Не болды? Жақындарым аман ба? Бізге де қауіп төніп тұр ма?” деген сұрақтар адамды паникаға түсіреді. Әсерлі видео мен сенімді естілетін жазу дайын жауап сияқты қабылданады. Оны танысы жіберсе, сенім арта түседі», – деді ол.
«Бұл кадр шын ба?» деген сұрақтан бастау керек
Әсел Қайролланың пікірінше, ең алдымен кадрдың шынайылығына ғана емес, оның қашан және қай жерде түсірілгеніне күмән келтіріп, тексеру қажет.

«Фото жайлы ақпаратты Google Lens арқылы іздеуге болады. Видео болса, оның анық көрінетін бірнеше кадрынан скриншот жасап, әрқайсысын жеке іздеп көруге болады. Бұрын жарияланған дәл сол кадр табылса, бастапқы жарияланған уақытын және оған жазылған сипаттаманы салыстыруға болады. Бірақ іздеуден ештеңе шықпаса да, ол видеоның жаңа екенін дәлелдемейді», – деді журналист.
Ол дағдарыс кезінде мемлекеттік органдар мен ақпарат тарататын ресурстардың жедел коммуникациясы да маңызды екенін атап өтті.
«Қазір бұрынғы үш күн уақыт бар деп отыратын заман емес. Тым құрыса “мәселе зерттеліп жатыр, ақ-қарасы анықталып жатыр” деген чат-бот та кәдеге жарауы мүмкін», – деді Әсел Қайролла.
Айта кетейік, бұған дейін біз референдум кезінде бюллетеньдерді жәшікке топтап салған ескі видео желіде қайта тарағаны жайлы жаздық. Сондай-ақ, Қазақстан әскеріне қатысты осындай манипуляциялық видеолар тараған. Соның бірі — Қырғызстанда түсірілген «Баткен» фильміндегі сарбаздарды ұрып-соғу көрінісі. Сондай-ақ желіде қайтыс болған адамның «денесін» көлікпен тасымалдап бара жатқан видео Маңғыстаудағы қайғылы оқиғамен байланыстырылған. NoFake.kz екі видеоның да бұл оқиғаларға қатысы жоқ екенін анықтаған.


