Қырғыз фильмінің кадрларын тағы да Қазақстан әскерімен байланыстырып таратты

Фото: кадры из фильма «Баткен»
Әлеуметтік желіде Қазақстан әскеріндегі шынайы оқиға ретінде Қырғызстанда түсірілген «Баткен» фильмінің үзіндісі тарап жатыр. Видеоның Қазақстан Қарулы күштеріне еш қатысы жоқ.
Әлеуметтік желіде Қазақстан әскерімен байланыстырылған видео қызу талқыланып жатыр. Кадрда жас жігіт сарбаздарды ұрып-соғып, кейін әскери қызметшілерді қорлайтын әрі ерсі қимылдар жасауға мәжбүрлейді. Видео балағат сөздермен сүйемелденген.
Жарияланғаннан кейін бірнеше сағат ішінде жазба шамамен 45 мың қаралым жинаған. Оған мыңдаған лайк басылып, жүздеген ашулы пікір жазылған.

NoFake.kz тілшісі видеоның қайдан алынғанын тексеріп, кадрлардың Қырғызстанда түсірілген «Баткен» фильмінен алынғанын анықтады. Оның Қазақстан әскеріне қатысы жоқ.
Бұл кадрлар Қазақстан әскерінде болған оқиға ретінде алғаш рет тарап отырған жоқ. Дәл осындай жазба былтыр да жарияланған. Сол кезде фильм режиссері Медербек Жалилов NoFake.kz-ке берген пікірінде әскери қызметшілерді ұрып-соғу көрінісі фильм үшін арнайы қойылғанын айтқан. Авторлар бұл эпизод арқылы Қырғызстан әскеріндегі жарғыға қайшы қарым-қатынас мәселесіне назар аударуды көздеген.
«Қазақ бауырлар, сіздер көрген офицерлердің сарбаздарды ұрып жатқан кадрлары фильмнен алынған. Біз әскердегі жарғыға қайшы қарым-қатынасты көрсеттік, өйткені мұндай мәселе бізде де бар. Осы «дертті» идеологиялық тұрғыда жою үшін бұл эпизодты арнайы түсірдік. Кадрларда сарбаздар шынымен қиналады. Бірақ кейін бөлім командирі офицерлерді шақырып, олармен тәрбие жұмысын жүргізеді. Неліктен бұлай жасауға болмайтынын және сарбаздарды басқа тәсілдермен қалай тәрбиелеуге болатынын түсіндіреді», – деді Медербек Жалилов.
Режиссердің айтуынша, видео алғаш рет Қырғызстанда тараған. Ол кезде де желі қолданушылары кадрларды әскери бөлімде болған шынайы оқиға деп қабылдаған. Кейін ролик Қазақстанның әлеуметтік желілерінде пайда болып, мұнда да көпшілік оны шынайы видео деп ойлаған.
«Алғашында бұл видео біздің елде тарады. Жұрт ашуланып, мұның бәрі шынымен біздің әскерде болып жатыр деп ойлады. Кейін «Баткен» фильмі жарыққа шығатынын білген соң, пікірлерде бұл фильмнің үзіндісі ғана екенін жаза бастады. Сондықтан бізде үлкен шу болған жоқ. Кейін бұл үзінді Қазақстанның әлеуметтік желілерінде тарады», – деді режиссер.
Сонымен қатар қазір тарап жатқан видеода дипфейк белгілері бар. Фильмнің түпнұсқа кадрларына қазақ тіліндегі аудиожолақ қосылған, ал кейіпкерлердің шын мәнінде басқа сөз айтып тұрғаны байқалады. Мұны олардың ерін қимылы мен видеода естілетін сөздердің сәйкес келмеуінен көруге болады.


