Трамптың АҚШ-та кедейлік деңгейі тарихи минимумға түсті деген сөзі рас па

Скрин: WhiteHouse
АҚШ президенті Дональд Трамптың елдегі кедейлік деңгейі «ел тарихындағы ең жақсы көрсеткішке» жетті деген мәлімдемесі рас, деп хабарлайды NoFake.kz Snopes басылымына сілтеме жасап.
Трамп бұл пікірін 2026 жылғы 27 қыркүйекте журналистермен сөйлесу кезінде айтқан. Оның сөзінше, АҚШ-та қазір кедейлік бұрын-соңды болмаған төмен деңгейде.
«Бізде ел тарихындағы ең жақсы кедейлік көрсеткіштері бар. Басқаша айтқанда, қазір біздің ел тарихындағы кез келген кезеңге қарағанда кедейлік аз», – деді Трамп.
Snopes мәліметінше, Ақ үйдің баспасөз хатшысы президенттің 16 қыркүйекте АҚШ-тың Санақ бюросы жариялаған 2025 жылғы есебін меңзегенін растаған. Кедейлік деңгейі 1959 жылдан бергі ең төмен көрсеткішке жетті. АҚШ Санақ бюросының ресми кедейлік көрсеткіші бойынша, 2025 жылы елдегі кедейлік деңгейі 10,2% болды. Бұл — көрсеткіш есептеле бастаған 1959 жылдан бергі ең төмен деңгей. Бұған дейінгі тарихи минимум 2019 жылы 10,5% болған.
Ресми көрсеткіш отбасының табысын оның құрамындағы адамдар санына қарай белгіленген кедейлік шегімен салыстыру арқылы есептеледі. Мысалы, 2025 жылы екі баласы бар төрт адамнан тұратын отбасының жылдық салыққа дейінгі табысы 32 649 доллардан төмен болса, ол кедейлік шегінен төмен деп есептелген.
Осылайша, Трамптың ресми кедейлік көрсеткіші тарихи минимумға жетті деген мәлімдемесі деректермен расталады. Бірақ Snopes АҚШ-та кедейлікті өлшейтін екі көрсеткіш бар екенін алға тартады.
«АҚШ Санақ бюросы кедейлікті бағалау үшін екі түрлі көрсеткіш қолданады. Екіншісі — Қосымша кедейлік шарасы (Supplemental Poverty Measure, SPM). Ол салықтарды, әлеуметтік төлемдерді, азық-түлік талондарын және басқа да факторларды, сондай-ақ тұрғын үй құнының аймақтық айырмашылығын есепке алады», — деп жазады басылым.
Мақалада 2025 жылы SPM бойынша кедейлік деңгейі 13,1% болғаны айтылады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда статистикалық тұрғыдан айтарлықтай өзгермеген. Сонымен қатар, SPM бойынша 2025 жылғы нәтиже тарихи минимум емес. Оның ең төмен көрсеткіші 2021 жылы 7,8% болған.
Сондықтан басылым Трамптың мәлімдемесін «Рас»деп бағалағанымен, бұл қорытындының АҚШ-тағы ресми кедейлік көрсеткішіне қатысты екенін ескеру маңызды. Қосымша кедейлік шарасы бойынша 2025 жылы тарихи минимум тіркелмеген. Әлеуметтік желідегі мұндай мәлімдемелерді бағалағанда қандай көрсеткіш туралы айтылып отырғанын және оның қалай есептелетінін міндетті түрде тексерген жөн.


