Жалған құжатпен 57 шетелдікті тіркеген: Астанада жатақхана коменданты сотталды

Коллаж: Nofake.kz
Астанада университеттердің біріндегі жатақхана коменданты студенттер мен қызметкерлерден бес жыл бойы заңсыз ақша жинап, жалған құжаттар арқылы 57 шетелдік азаматты тіркеген. Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Б. университеттердің бірінің жатақхана коменданты бола отырып, бес жыл ішінде ақшалай қаражат жинауға заңды негіздері болмағанына қарамастан, университет басшылығының тапсырмасы екенін айтып, оқу орнының студенттері мен қызметкерлерінен ай сайын 14 300 теңге мөлшерінде ақша жинаған. Бұл іс жүзінде шындыққа сәйкес келмеген. Осылайша, 3 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық залал келтірілген», – делінген сот хабарламасында.
Бұдан бөлек, сотталушы ақша алу мақсатында университет құжаттарын қолдан жасаған. Ол өзінің жұмыс компьютері арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына шетелдік азаматтарды бір жылға уақытша тіркеу туралы өтініштер жолдаған.
2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында осындай жолмен университет жатақханасында 57 шетелдік азамат тіркелген. Олардың әрқайсысын тіркегені үшін Б. 40 мың теңгеден алған.
«Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Келтірілген материалдық залал өтелмеген», – деп мәлімдеді сот.
Б.-ға алдау арқылы мүліктік залал келтіру, ресми құжатты қолдан жасау және қызмет бабын пайдалана отырып заңсыз көші-қонды ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылған.
Сот отырысында Б. кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Прокурор оған түпкілікті төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың мән-жайы мен ауырлығын, сондай-ақ келтірілген залалдың өтелмегенін ескеріп, Б.-ны екі жылға бас бостандығынан айырды. Оған үш жыл бойы ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыруға байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Жаза тағайындау кезінде кәмелетке толмаған баласының болуы және бұрын сотталмағаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


