NoFake

Шымкентте Каспийдегі қаралы күнге қатысты қоғамдық тәртіп бұзған азамат ұсталды

Cкрин видеодан

Шымкентте 21 жастағы тұрғын TikTok-тағы тікелей эфир кезінде, Каспийдегі қаралы күнге қатысты айтқан сөзі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Полицияның хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok-тағы тікелей эфир анықталған.

«Эфир кезінде Бердібай Нұрахмет көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап берген. Полиция оның айтқан сөздері қоғамды ашықтан-ашық құрметтемеуді көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзғанын мәлімдеді. Тікелей эфирге 22 жастағы Мусурманқұл Абзал мен Мұстафа Бакидаулет те қатысқан», — делінген хабарламада.

Осылайша, сот шешімімен Бердібай Нұрахмет 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

«Сонымен қатар үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту жасалған. Олар бір ай мерзімге ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды», — делінген полиция хабарламасында.

Осыған орай, полиция әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын сақтауға шақырады. Айта кетейік, бұған дейін Абай облысы полицейлері эфирде балағат сөз айтқан TikTok қолданушысын қамауға алған еді.

Оқу үшін