NoFake

E-Gov фейк парақшасы болғаны рас па: мемлекеттік органдар не дейді

Коллаж NoFake.kz

Отандық пабликтердің бірінде E-Gov-тың фейк парақшасы пайда болып, онда қазақстандықтардың жеке деректеріне қол жеткізілгені туралы ақпарат тарады. Nofake.kz мәселенің мән-жайын біліп, жалпы фишингтік сайттардың жұмысын зерттеп көрді.

Жазба авторларының айтуынша, схема келесідегідей жұмыс істеген. Алдымен алаяқтар 1414 жалған нөмірінен SMS хабарламалар жіберіп, шағын «әкімшілік айыппұлды» төлеуді ұсынған. Сосын сілтеме қолданушылар банк карталарының деректерін енгізетін eGov көшірмесіне алып барған.

Cкриншот: әлеуметтік желі

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жауабы қандай?

E-gov.kz мемлекеттік ресурсының жалған түрін жасап, азаматтардың жеке деректерін алуға тырысқан факт жайлы білу үшін, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на хабарластық. Ондағылар аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«2026 жылдың басында «ҰАТ» АҚ-ға киберқауіпсіздік саласындағы тәуелсіз зерттеушіден eGov.kz порталына визуалды түрде ұқсайтын бөгде ресурс туралы ақпарат келіп түсті. Десе де, аталған ресурстың белсенділігін бақылау мүмкін болмады, себебі «ҰАТ» АҚ-ға ақпарат келіп түскен кезде ресурс бұғатталып қойған. Осыған байланысты сипатталған инцидентті тіркеген жоқ және оның болғанын растаған жоқ», — делінген хабарламада.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ болған жайттан хабардар ма?

E-Gov ресурсының жалған парақшасы туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-на хабарластық. МТҚ АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Ұлттық киберқауіпсіздікті үйлестіру орталығының басшысы Ұлықбек Шамбулов аталған фактіге қатысты түсініктеме берді.

«Иә ондай көп болады, жаңадан басқа домендік зонада сайт аша беру оңай. Ондай жағдайда біз хостерге хабарласып, елімізде доменді бұғаттаймыз. Ал азаматтарға .kz сайттарына жүгінуді ұсынамыз, себебі олар біздің бақылауда. Мына сайт бойынша айтарым, ол ешкім қолданбайтын .cc доменінде болған», — деді ол.

Сонымен бірге, ол фишингтік сайттың құрылу уақытын да тоқталды.

«Аталған жайтты тексергенімізде оның фишингтік сайт екенін және осы жылдың 8-ші наурызында құрылғанын анықтадық. Таралу түрі URL», — деді ол.

Түйін

Осылайша, желіде тараған жалған eGov парақшасы фишингтік сайт болған. МТҚ мәліметінше, ресурс 2026 жылғы 8 наурызда құрылып, URL арқылы тараған және .cc домендік аймағында орналасқан. Ал «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұл ресурстың азаматтардың дербес деректерін жинағанын растамады, себебі компанияға ақпарат түскен кезде сайт бұғатталып қойған. Мамандар азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпей, мемлекеттік қызметтерді тек ресми eGov.kz ресурстары арқылы пайдалануды ұсынады.

Оқу үшін