NoFake

Алаяқтар ЖИ жасаған жалған банк картасымен ақша сұраған: банк түсініктеме берді

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желі қолданушысы белгісіз біреулер оның WhatsApp нөмірі арқылы таныстарына ақша сұрап хабарлама жібергенін мәлімдеді. Хабарламаға әйелдің аты-жөні көрсетілген жалған банк картасының суреті де тіркелген. NoFake.kz картаға қатысты банкке хабарласып, мұндай жағдайда нені ескеру керегін сұрады.

Мәселе неден басталды?

Facebook желісінің қолданушысы алдымен таксиге отырғанын, сөйтіп онда «жүргізуші әйелдің Үндістанға емделуге бару үшін, қаржылай көмек плакаты тұрғанын, сол арқылы төлем жасағанын» жазған. Алайда арада 1 минут өтпей жатып, оған түрлі танымал компаниялардан растау коды туралы хабарламалар келе бастаған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Оған қоса қолданушының WhatsApp нөмірі арқылы оның таныстарынан жалған карта нөмірі көрсетіліп, соған ақша аудару туралы хабарламалар келе бастаған.

Жалған карта деректері: банк не дейді?

Мәселенің мән-жайын білу үшін, суретте көрсетілген банкке хабарластық. Ондағылар алаяқтар адамдардың сеніміне кіру және ақша аударуға көндіру үшін, банк карталарының суреттерін пайдаланып, олардағы логотиптер мен нөмірлерді өзгертуі мүмкін екенін хабарлады.

«Картаның сыртқы көрінісі онда көрсетілген деректемелердің кімге тиесілі екенін растамайды. Айта кетейік, банк қызметкерлері ақша жинау үшін ешқашан банк картасын ұсынбайды. Егер мессенджерде сізден шұғыл түрде ақша жіберу немесе шотыңыздан ақша аудару сұралса, мұндай хабарламаға сеніп, ақша аудармаңыз», — делінген хабарламада.

Банк, бұл ретте, әсіресе туыстарыңыз бен жақындарыңыздың атынан келген өтініштерге мұқият болуға, оның ішінде өзіңіз білетін телефон нөміріне қоңырау шалып, шынымен көмек қажет пе екенін нақтылауға шақырады.

«Тіпті таныс аккаунттан келген хабарламаны да алаяқтар жіберуі мүмкін. Мұндай схема бойынша кез келген банктің картасына ақша аударуды ұсынуы мүмкін. Осыған байланысты ақша аудармас бұрын ақпаратты әрдайым мұқият тексеруге шақырамыз», — делінген банк хабарламасында.

Түйін

Осылайша, әлеуметтік желіде тараған оқиғада алаяқтар жалған қайырымдылық сылтауын пайдаланып, азаматтардың банк және жеке деректеріне қол жеткізуге тырысқан болуы мүмкін. Банк өкілдері карта суретінің шынайы екенін растамайтынын атап өтіп, ақша аудармас бұрын ақпаратты міндетті түрде тексеруге шақырды.

Оқу үшін