NoFake

Жалған iPhone 18 тапсырысы: алаяқтар банк деректерін қалай алады

Фото: pixabay.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы Apple iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс беру және одан бас тарту түріндегі жаңа алаяқтық схемалардың пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті шетелдік БАҚ беттерінде алаяқтар пайдаланушылардың жаңа смартфон моделіне деген қызығушылығын пайдаланып, оларға алдын ала тапсырыс беру туралы жалған хабарламалар мен ұсыныстар жіберіп жатқанын хабарлады.

Схема қалай жұмыс істейді?

Ведомство мәліметінше, бірінші жағдайда алаяқтар Apple компаниясының атынан iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс берілгені туралы жалған хабарлама жібереді.

«Одан бас тарту үшін «қолдау қызметіне» қоңырау шалуды ұсынады. Шын мәнінде көрсетілген нөмір алаяқтарға апарады, олар сатып алудан бас тартуды сылтау етіп, құпия мәліметтерді алдап алуға және адамды өз нұсқауларын орындауға көндіруге тырысады», — делінген хабарламада.

Алаяқтықтың тағы бір схемасында пайдаланушыларға жылдам жеткізу кепілдігімен тиімді бағада смартфонды брондау ұсынылады.

«Сөйтіп, тапсырысты рәсімдеуге арналған сілтеме банк картасының деректері, құпия сөздер және басқа да құпия ақпарат сұралатын жалған сайтқа апарады. Алынған мәліметтер есептік жазбаларға және банктік сервистерге кіру, сондай-ақ ақшалай қаражатты ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін», — делінген хабарламада.

Бұл ретте ведомство алаяқтардың басты айласы – адамды асығыс әрекет етуге мәжбүрлеу екенін еске салады.

«Олар адамдарды «бейтаныс тапсырыстан қорқу немесе тиімді ұсынысты жіберіп алудан қауіптену» жолымен асығыс әрекет етуге мәжбүрлейді», — делінген хабарламада.

Өзіңізді қорғау үшін не істеу керек?

  • күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз және нөмірлерге қоңырау шалмаңыз;
  • құпия сөздерді, PIN-кодтарды, банк карталарының CVV-кодтарын және SMS арқылы келетін растау кодтарын хабарламаңыз;
  • бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымшаларды орнатпаңыз және құрылғыңызға кіруге рұқсат бермеңіз;
  • сайттың түпнұсқалығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізбейінше алдын ала төлем жасамаңыз;
  • тапсырыстар туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өзіңізашып тексеріңіз. Егер сіз карта деректерін беріп қойсаңыз немесе күмәнді қаражат есептен шығарылғанын байқасаңыз, дереу банкпен хабарласыңыз, картаны бұғаттаңыз және болған оқиға туралы полицияға хабарлаңыз.

Сондай-ақ Бас прокуратура тапсырыс туралы күтпеген хабарлама – ақпаратты тексеруге себеп екенін, кодты шұғыл хабарлау немесе ақша аудару талабы – алаяқтықтың белгісі екенін атап өтті. Айта кетейік, бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы Ұлттық банктің атын жамылатынын алаяқтық схемасы туралы ескерткен еді.

Оқу үшін