Танымал адамның атынан жалған жарнама: әлемде дипфейк жасаудың жаңа тәсілі тарады

Коллаж: NoFake.kz
Әлеуметтік желілерде танымал блогерлердің бейнесін рұқсатсыз пайдаланып, оларды түрлі тауарлар мен қызметтерді жарнамалап тұрғандай көрсететін дипфейктер көбейіп келеді. Жасанды интеллект арқылы жасалған мұндай жарнамалардың шынайы көрінетіні сонша, кейде блогерлердің өз оқырмандары да оның жалған екенін ажырата алмай қалады.
Бұл туралы The Guardian жазды. Басылым бірнеше инфлюенсердің бейнесі олардың келісімінсіз жарнамаға пайдаланылғанын анықтаған.
Мәселен, lifestyle-блогер Эмили Шуман биыл Instagram-нан өзінің суреті бар жарнаманы байқайды. Кадрда ол салмақ азайтуға қолданылатын GLP-1 препаратын қолына ұстап, телемедицина компаниясын жарнамалап тұрғандай көрінеді. Бірақ Шуман бұл компания туралы бұрын-соңды естімеген және мұндай жарнамаға түспеген.

Кейін белгілі болғандай, жарнаманы жасағандар блогердің бірнеше жыл бұрын көлікте түсіріп, Instagram-ға жариялаған селфиін өзгерткен. Мұнымен де тоқтамаған: кейін Шуманның AI-нұсқасы косметика жағып, басқа брендті жарнамалап жүрген контенттен де табылған. Тағы бір жағдайда оның жасанды бейнесі қан талдауын ұсынатын компанияны жарнамалауға пайдаланылған.
«Бұл өте жағымсыз сезім. Олар дәл маған ұқсайды, бірақ менің бұрмаланған нұсқам сияқты», – дейді Шуман.
Неге дәл блогерлер?
Сарапшылардың айтуынша, танымал адамдар мен инфлюенсерлер дипфейк жасаушылар үшін оңай нысанаға айналған. Себебі интернетте олардың мыңдаған фотосы мен жүздеген сағаттық видеосы бар. Бұл материалдарды ЖИ моделіне беріп, адамның сыртқы келбеті мен қимылын сенімді қайталайтын дипфейк жасауға болады.

Мұндай жағдайға тек Шуман тап болмаған. The Guardian мәліметінше, блогер Ариэль Лорренің бейнесі тері күтіміне арналған өнімді жарнамалауға пайдаланылған. Ал сән блогері Джесси Капарелла Pinterest-тен өзінің өзгертілген суреттерін тауып алған.
Мәселенің тағы бір қыры – дипфейк блогердің беделіне тікелей әсер етеді. Оқырман жалған жарнаманы шынайы деп қабылдап, инфлюенсер өзі сенбейтін немесе қолданбайтын өнімді ақша үшін ұсынып жүр деп ойлауы мүмкін.

Data & Society зерттеу институтының зерттеу директоры Элис Марвиктің айтуынша, инфлюенсер үшін оның аты мен беделі – бизнестің негізгі бөлігі. Сондықтан аудиторияның сенімі жоғалса, оның кәсіби қызметіне де әсер етеді.
Жалған жарнаманы өшіру де оңай емес
Шуман мен оның менеджері жалған жарнамаларды Meta-ға бірнеше рет хабарлаған. GLP-1 препараты туралы жарнаманы өшіруге бірнеше апта кеткен. Ал косметикаға қатысты жасанды жарнама бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, Instagram-да таралуын жалғастырған.
Meta мен TikTok адамның жеке басын ЖИ немесе цифрлық өңдеу арқылы рұқсатсыз имитациялауға тыйым салады. Дегенмен дипфейк жойылған күннің өзінде оның орнына басқа аккаунттан жаңа нұсқасы пайда болуы мүмкін.
Қазақстанда AI-контент қалай реттеледі?
Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң бойынша синтетикалық контентті таңбалау міндетті. Заңда ЖИ арқылы жасалған немесе өзгертілген сурет, видео, аудио және мәтін синтетикалық нәтиже ретінде қарастырылады. Мұндай контент машина оқи алатын форматта таңбаланып, қолданушы оның жасанды екенін түсіне алатындай көрнекі немесе өзге ескертумен берілуі тиіс. Бұл талап «Жасанды интеллект туралы» заңның 21-бабында бекітілген.
Дипфейктердің сапасы жақсарған сайын адамның бейнесін көру оның шынымен сол тауарды жарнамалағанына дәлел бола алмайды. Сондықтан танымал адамның атынан ұсынылған күмәнді өнім немесе қызмет кездессе, жарнаманың оның ресми парақшасында жарияланған-жарияланбағанын тексерген жөн.


