«Тез сатыңыз»: Алаяқтар пәтерді сатуға қалай мәжбүрлейді

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Көкшетау полициясы нотариустарға жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Көкшетауда полиция қызметкерлері нотариустармен кездесу барысында мамандарға жылжымайтын мүлікті заңсыз иеліктен шығаруға және азаматтардың дербес деректерін пайдалануға байланысты интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы ескертті.
Ақмола облысы Нотариаттық палатасының төрағасы Гүлжан Кубитаеваның қатысуымен Көкшетау қаласының Полиция басқармасында өткен кездесуде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
«Полицейлер пәтер мен басқа да жылжымайтын мүліктерді сатып алу-сату мәмілелерін ресімдеу кезіндегі тәуекелдерге ерекше назар аударды. Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар өздерін банктердің, полицияның немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері етіп таныстырып, әртүрлі сылтаумен азаматтарды мүлікті шұғыл сатуға немесе оны үшінші тұлғаларға ресімдеуге көндіреді», — делінген хабарламада.
Осы ретте, нотариустарға мұқият болуды ескертті. Егер азамат психологиялық ықпалда болса, асығыс әрекет етсе немесе белгісіз адамдар қоңырау шалғанын хабарласа, мәміле жасауға асықпаған дұрыс.
Полицейлер, сондай-ақ, нотариустарға алаяқтықтың алдын алу бойынша ұсыныстар жазылған ақпараттық жадынама таратты.
Еске сала кетейік, Ақмола облысының Полиция департаменті азаматтарды белгісіз адамдар тарапынан қысымға берілмеуге, келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы қайта тексеруге және күдік туындаған кезде 102 нөмірі бойынша дереу полицияға жүгінуге шақырады.


