Жол бетіндегі асфальтті мердігерлер әдейі тек күзде төсейтіні рас па

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желіде жол төсейтін «мердігерлер трассаларда күз соңында, күн суытқанға қарамастан асфальт төсейді» деген қауесет жиі тарайды. Аталған ақпарат қаншалықты рас? Nofake.kz «ҚазАвтоЖол» басшылығына қойып көрді.
Желі неге шулады?
Желіде көпшілік асфальтті тіпті қыс мезгілінде төсейтінін жиі жазады. Мәселен, желі қолданушыларының бірі асфальтті тіпті ақпан айында ауыстырады деп жазған.

Жол бетіне асфальт төсеу жұмыстары қашан басталады?
«ҚазАвтоЖол» АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Иманашев арнайы жол учаскелеріне жалпы асфальт жабынын төсеу жұмыстары қашан басталатынын түсіндірді.
«Бізде арнайы жол учаскелерінде асфальт төсеу жұмыстары құрылыс маусымы басталған сәттен бастап жасалады. Және ол күз, қыс маусымымен байланысты емес. Кейбір өңірлерде тіпті сәуір, мамыр айында басталып, күздің соңғы айларына дейін жалғасуы мүмкін. Яғни, әр жағдай асфальт төсеу қажеттіліктеріне байланысты болады», — деді ол.
Асфальт төсеу жұмысын әдейі күзге қалдырылатыны рас па?
«ҚазАвтоЖол» АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Иманашев «жолдарға асфальт төсеу жұмысы әдейін күзге қалдырылады» деген қауесетке де жауап берді.
«Күз маусымында жолға асфальт төсеу мәселесіне келер болсақ, егер температура 10 градустан төмен болса, мысалы +5 градус болса, онда температураны барынша сақтап тұра алатын арнайы жабдықтар қойылады», — деді ол.
Түйін
Осылайша, «асфальт жолдарға әдейі күздің соңында немесе қыс мезгілінде төселеді» деген пікірді «ҚазАвтоЖол» басшысы растамады. Оның айтуынша, асфальт төсеу жұмыстары құрылыс маусымы басталғаннан кейін жүргізіледі және нақты мерзімі өңір мен жол учаскесінің қажеттілігіне байланысты белгіленеді. Ал ауа температурасы төмендеген жағдайда асфальттың қажетті температурасын сақтауға мүмкіндік беретін арнайы жабдықтар қолданылады.


