Си Цзиньпин Путин қатысқан кешкі асқа инсультке байланысты бармады ма

Фото: depositphotos.com
Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің БРИКС саммитіндегі салтанатты кешкі асқа қатыспауы әлеуметтік желіде түрлі алыпқашпа әңгімеге себеп болды. Желіде оның денсаулығы күрт нашарлағаны, инсульт алғаны, тіпті қайтыс болғаны туралы жазбалар тарады. The Wall Street Journal Қытай басшысының кешкі асқа не себепті бармағанын анықтады.
Си Цзиньпин 12 қыркүйекте Нью-Делиде өткен БРИКС саммиті аясында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди ұйымдастырған салтанатты кешкі асқа қатыспады. Ол шақыруды бастапқыда қабылдағанымен, соңғы сәтте барудан бас тартқан. Оның орнына Қытай сыртқы істер министрі Ван И қатысып, басқа елдердің басшыларымен кездескен.
Си Цзиньпиннің кешкі асқа келмеуі әлеуметтік желіде оның денсаулығына қатысты түрлі болжамның тарауына түрткі болды. Кей жазбаларда Қытай басшысы инсульт алды немесе есінен танып қалды деген ақпарат тарады.
WSJ не дейді?
The Wall Street Journal бірнеше дереккөзге сүйеніп, Си Цзиньпиннің кешкі асқа өзін жайсыз сезінгендіктен бармағанын хабарлады. Басылым мәліметінше, шешім іс-шара басталар алдында қабылданған.
Үндістанның Press Trust of India агенттігі де дереккөздеріне сүйеніп, Қытай басшысының кешкі асқа қатыспай, қонақүйдегі бөлмесіне демалуға кеткенін жазған. Алайда бұл Си Цзиньпиннің ауыр сырқаттанғанын немесе инсульт алғанын білдірмейді.
Инсульт туралы ақпарат расталды ма?
Жоқ. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде Си Цзиньпиннің БРИКС саммитінен кейін ауырып қалғаны туралы тараған ақпаратты жалған және жаңылыстыратын мәлімет деп атады. Си Цзиньпин келесі күні, 13 қыркүйекте БРИКС саммитінің жұмысына қатысқан. Басылымдарда оның саммиттің екінші күнгі отырысына қатысқан фотосуреттері де жарияланды.
Си Цзиньпиннің қайтыс болғаны немесе инсульт алғаны туралы ақпарат — расталмаған. Белгілісі — ол БРИКС саммитіндегі кешкі асқа өзін жайсыз сезінгендіктен қатыспаған.


