NoFake

Трамп АҚШ-та жаңа AI кеңесшісін тағайындайтыны рас па

Фото: whitehouse.gov

АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллект саласына жауап беретін жаңа кеңесші — «AI czar» тағайындауды және арнайы «AI күшін» құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz  Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Трамп 19 қыркүйекте Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Ол жаңа құрылымды өзінің бірінші президенттік мерзімінде құрылған АҚШ Ғарыш күштерімен (Space Force) салыстырды.

Алайда президент «AI күшінің» нақты қандай міндет атқаратынын, оның құрылымы қандай болатынын және әскери немесе азаматтық орган болатынын түсіндірмеді. Ақ үй де әзірге бастамаға қатысты қосымша мәлімет берген жоқ.

Трамп жасанды интеллект индустриясының дамуына кедергі келтірмеу керектігін атап өтті.

«Біз бұл керемет индустрияның дамуына ешқандай жағдайда кедергі келтірмейміз», — деп жазды АҚШ президенті.

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні теріс пайдаланумен байланысты заң бұзушылықтарға қолданыстағы қылмыстық және азаматтық заңнама аясында жауап беруге болады.

«Біз жағымсыз құбылыстарды да бақылап отырамыз. Мұны қолданыстағы қылмыстық және азаматтық сот жүйесі арқылы оңай жасай аламыз», — деді ол.

Жаңа «AI czar» тағайындалмақ

Бұл Трамп әкімшілігіндегі алғашқы «AI czar» емес. Бұған дейін бұл міндетті венчурлық инвестор Дэвид Сакс атқарған. Ол биыл көктемде қызметінен кетіп, кейін сыртқы кеңесші ретінде жұмысын жалғастырды. Сакс жасанды интеллект саласын қатаң мемлекеттік реттеуге қарсы пікір білдіріп келген. Оның ұстанымынша, AI әзірлеушілері өз өнімдерінің қауіпсіздығына жауап беруі керек, ал қосымша федералдық реттеу технологияның дамуын тежеуі мүмкін.

Жаңа кеңесшінің кім болатыны және оның нақты өкілеттігі әзірге жарияланған жоқ.

«AI күші» әскердің жаңа түрі ме?

Әзірге олай деуге негіз жоқ. Трамп жаңа құрылымды Space Force-пен салыстырғанымен, оның АҚШ Қарулы күштерінің құрамына кіретінін айтқан жоқ. «AI Force»-тың мәртебесі, құрамы, бюджеті мен өкілеттігі де жарияланбаған. Сондықтан қазір оны Ғарыш күштері сияқты жеке әскери құрылым ретінде сипаттау дұрыс емес.

АҚШ пен Қытай AI қауіпсіздігін талқылады

Трамптың мәлімдемесі АҚШ пен Қытай арасындағы жасанды интеллект саласындағы бәсеке күшейген тұста жасалды. Екі ел де AI технологияларын экономикалық және ұлттық қауіпсіздік үшін стратегиялық маңызды бағыт ретінде қарастырады. 20 қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Қытай Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Хэ Лифэн келіссөз өткізді. Кездесуде сауда және экономикалық мәселелермен қатар жасанды интеллект қауіпсіздігі де талқыланды.

АҚШ тарапы AI-ға байланысты қауіп немесе ірі оқиға туындаған жағдайда екі елдің бір-біріне хабарлау тетігін құруды ұсынды. Бұл бастама алдағы АҚШ–Қытай келіссөздерінде одан әрі талқылануы мүмкін.

Демек, Трамптың арнайы «AI күшін» құратыны туралы ақпарат рас. Алайда оның қандай құрылым болатыны және нақты қандай өкілеттікке ие болатыны әзірге белгісіз. Сондықтан «АҚШ-та Ғарыш күштері тәрізді жаңа әскери AI күштері құрылады» деуге әлі ерте. Айта кетейік, бұған дейін біз «Трамп өзін қарапайым жерлеуді сұрағаны рас па?» деген сауалға жауап бердік.

Оқу үшін