Банкоматтан карта деректерін ұрлауға арналған құрылғы анықталды

Фото: depositphotos
Еліміздегі банкоматтардың бірінен банк карталарының деректерін жасырын түрде оқуға арналған скимминг құрылғысын анықтады, деп хабаралайды NoFake.kz
Банк мәліметінше, қауіп дер кезінде жойылып, клиенттердің қаражатын аман қалған.
«Мамандар банкоматтан банк карталарының деректерін жасырын оқуға арналған скимминг құрылғысын уақытылы анықтады. Жедел әрекеттің арқасында алаяқтықтың алдын алып, клиенттердің қаражатын сақтап қалдық», – деп жазды банк Instagram-дағы ресми парақшасында.
Скимминг құрылғылары картадағы ақпаратты пайдаланушы байқамайтындай етіп көшіріп алуы мүмкін. Банк мұндай қауіп кез келген банктің банкоматында болуы ықтимал екенін атап өтті.
Қауіпсіздік мақсатында банк клиенттерге мүмкіндігінше қаржылық опреацияларды орындау кезінде «контактісіз» әдісті таңдауға кеңес береді. Яғни картаны тигізу, қосымшаны смартфоннан шау немесе QR арқылы контактсіз төлем жасау тәсілдерін пайдалануға кеңес береді. Құпиясөз жазған кезде де сақтық шараларын ұмытпаған абзал дейді банк өкілдері.
«PIN-код енгізген кезде пернетақтаны қолыңызбен жауып тұрыңыз. Банкоматтан күмәнді жапсырма немесе бөгде құрылғы байқасаңыз, операция жасамаңыз», – деп ескертті банк.
Сондай-ақ күмәнді жағдай байқалған жағдайда банкке дереу хабарласу ұсынылды. Банк өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алуда банкоматтарды тұрақты бақылау және қауіпсіздік мамандарының жедел әрекеті маңызды.


