Астанадағы үй ауласындағы атыс: тұрғындар жарақат алуы туралы ақпарат — жалған

Фото: gov.kz
Әлеуметтік желіде Астана тұрғын-үй кешендерінің бірінің ауласында атыс болғаны туралы ақпарат тарады. Полиция департаменті «атыста тұрғындар жарақат алды» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желі неге шулады?
Естеріңізде болса, желіде тұрғын-үйлердің аулаларының бірінде атыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Онда қаладағы Абай және Жұбанов көшелерінің қиылысында 4-5 адамның қарумен тұрғаны, кейін полицейлер келгені туралы ақпарат тараған. Кейбір желі қолданушылары, қарулы адамдар тіпті тұрғындарға оқ атқан деп жазған.

Полиция түсініктемесі
Мәселенің мән-жайын білу үшін, Полиция департаментіне хабарластық. Ондағылар полицияға тұрғын үйлердің бірінің ауласында атыс болғаны туралы шақырту түскенін, оқиға орнына патрульдік полиция экипаждары жедел жеткенін растады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үйдің ауласында алкогольдік ішімдік ішкен бір топ жас болған. Олар агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында үй тұрғындарының бірі газ тапаншасынан ауаға ескерту ретінде оқ атқан», — делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, бүгінде барлық қатысушы оқиға орнында ұсталып, полицияға жеткізілген. Сондай-ақ, құқық бұзушыларға қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны мәлімделді.
Бұзақылар тұрғындарға оқ атқаны рас па?
Полиция тұрғындардың жарақат алғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Азаматтарды ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз», — делінген ведомство хабарламасында.
Түйін
Осылайша, тұрғындарға оқ атылды деген ақпарат жалған болып шықты. Полиция мәліметінше, оқиға кезінде үй тұрғындарының бірі газ тапаншасынан ауаға ескерту ретінде оқ атқан. Оқиғаға қатысқандардың барлығы полицияға жеткізілді.


