NoFake

Жедел жәрдемді қанша уақыт күту керек және оның келу уақыты неге байланысты?

Фото: gov.kz

Жедел жәрдем 10-нан 60 минутқа дейінгі аралықта келеді. Бұл науқастың жағдайы мен шақырту санатына байланысты, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қазақстандықтар жедел жәрдемді ұзақ күтуне тура келетінін айтып, шағымданып жатады. Әлеуметтік желілерде тұрғындар кейде бригаданы бір сағаттан астам уақыт күткенін, осы аралықта 103 нөміріне бірнеше рет хабарласып, шақыртуды еске салуға тура келгенін жазады.

Медицина қызметкерлері неге бірден келмейді және жедел жәрдемді күту уақыты нақты неге байланысты? Бұл сұраққа Астана қаласындағы №4 емхананың мамандары жауап берді.

«103 нөміріне түскен әрбір шақырту алдымен шұғылдық санатына қарай бөлінеді. Науқастың жағдайына байланысты тиісті бригада жіберіледі. Бірінші санатқа есінен тану, инсульт немесе инфаркт күдігі жатады. Мұндай жағдайда медициналық көмек 10 минут ішінде көрсетілуі тиіс. Екінші санатқа тыныс алудың бұзылуы, қысқа уақытқа есінен тану және тез арада тоқтатуды қажет ететін қан кетулер кіреді. Мұндай шақыртуларға жедел жәрдем бригадасы 15 минут ішінде келуі тиіс», – деді Астана қаласындағы №4 емхананың жедел медициналық көмек бөлімінің меңгерушісі Арман Жолдасбек.

Ал көмек шұғыл қажет болғанымен, әр минут маңызды емес жағдайларда жедел жәрдем сәл кешірек келуі мүмкін.

 «Үшінші санатқа 3 жасқа дейінгі баланың дене қызуының 38 градустан жоғары көтерілуі және оның дәрі қабылдағаннан кейін де түспеуі жатады. Сондай-ақ жүкті әйелдерге қатысты шақыртулар, бас ауруы және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін басқа да ауырсыну түрлері осы санатқа кіреді. Мұндай шақыртуларға 20-30 минут ішінде қызмет көрсетіледі», – деді маман.

Жедел жәрдемді ең ұзақ төртінші санаттағы шақыртулар бойынша күтуге болады.

«Төртінші санатқа қан қысымының күрт бұзылуынсыз жоғарылауы, түспей тұрған дене қызуы, созылмалы ауруларға байланысты зәрдің жедел жүрмей қалуы және созылмалы аурулардың асқынуы жатады. Сонымен қатар құсу мен іш өту де осы санатқа кіреді. Мұндай шақыртулар бойынша медициналық көмек 60 минут ішінде көрсетілуі тиіс», – деп түсіндірді Арман Жолдасбек.

Осылайша, жедел жәрдемнің келу уақыты науқастың жағдайы мен шақырту санатына байланысты. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп неғұрлым жоғары болса, медициналық көмек те соғұрлым тез көрсетілуі керек.

Оқу үшін