Нью-Йоркте ЖИ арқылы жасалған порно-дипфейктер таратқан 12 сайттың домені тәркіленді

Фото: depositphotos.com
Нью-Йорк қаласындағы Манхэттен прокуратурасы ЖИ көмегімен адамдардың келісімінсіз порнографиялық дипфейк-видеолар жасап, таратқан 12 сайттың доменін тәркіледі. Бұл туралы Манхэттен аудандық прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Тергеу мәліметінше, аталған платформаларда шамамен 1200 адамның фотосы мен видеосы ЖИ арқылы өңделіп, олардың бет-бейнесі сексуалдық сипаттағы материалдарға орналастырылған. Жәбірленушілер мұндай контентті жасауға да, таратуға да келісім бермеген.
Прокуратураның мәліметінше, зардап шеккендердің және осы сайттар арқылы осындай материалдарды сатқандардың басым бөлігі — әйелдер. Олардың арасында актерлер, саясаткерлер, спортшылар, музыканттар, құқық қорғаушылар және әлеуметтік желі қолданушылары бар.
Құқық қорғау органдары бұл сайттардың негізгі қызметі адамдардың келісімінсіз жасалған интимдік материалдарды жасау және тарату болғанын атап өтті. Мұндай контент платформаларда порнографиялық дипфейк ретінде ашық түрде жарнамаланған.
Манхэттен прокуратурасы бұл жағдайды адамдардың жеке өміріне қол сұғу және сексуалдық қанау ретінде қарастырып отыр. Ведомствоның мәліметінше, сайттардың домендері сот санкциясы негізінде тәркіленген.
«Прокуратура зардап шеккен адамдарды Киберқылмыстарды тергеу бюросына хабарласуға шақырды. Тергеу бұл сайттармен қатар, осындай қызметпен айналысатын басқа да платформаларға қатысты жалғасып жатыр», — деп жазылған мақалада.
Бүгінде құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.


