Трамп өзін қарапайым жерлеуді сұрағаны рас па

Фото: whitehouse.gov
Әлеуметтік желіде АҚШ президенті Дональд Трамп қайтыс болған жағдайда жерлеу рәсімін қарапайым өткізуді сұрағаны туралы жазбасы қызу талқыланып жатыр. Алайда Президент расымен мұндай жазба қалдырғанына дәлел табылмады, деп хабарлайды NoFake.kz Snopes басылымына сілтеме жасай отырып.
Жазбада Трамп қымбат табыт пен артық салтанаттың қажет емес екенін айтқан-мыс. Сондай-ақ ол жерлеу кезінде әскери құрмет көрсетуді сұраған.
«Егер мен қызметте жүргенде қайтыс болсам, жерлеу рәсімі қарапайым өтсін. Алтын да, артық сән-салтанат та, қымбат табыт қажет емес. Тек әскери құрмет көрсетілсін. Мен Америкаға қызмет еттім, сондықтан әскери қызметшілер мені өз қатарындағы адамдай құрметтесін», -делінген .
Мәтінде Трамп жерлеуге гүл алуға жұмсалатын ақшаны ардагерлерге көмектесетін ұйымдарға беруді де тапсырғаны айтылады.
«Адамдар гүлге жұмсамақ болған барлық қаражат ардагерлерге көмектесетін қайырымдылық ұйымдарына аударылсын. Әр доллары. Ал табытты жаппас бұрын Америка халқына мына сөздер айтылсын:«Мен тырыстым. Жеткіліксіз болған болса, кешіріңіздер. Құдай Американы жарылқасын», – делінген жазбада.
Алайда Snopes мұндай сөздердің Трампқа тиесілі екенін растайтын сенімді дерек таппаған. Фактчекерлер Google, Bing, Yahoo және DuckDuckGo іздеу жүйелерін тексерген.
«Бірақ Трамптың осындай нұсқау бергені туралы беделді ақпарат құралдарының хабарламасы болмаған. Бұл мәтін интернетте бірнеше айдан бері таралып келеді. Алғашқы ұқсас нұсқалары 2026 жылдың наурызында пайда болған. Кейін мамырда Instagram-да, қыркүйекте Facebook-та қайта тараған», — деп жазады басылым.
Мәтінді Pangram атты құрал да тексерген. Ол жазбаның жасанды интеллект көмегімен жасалған мәтінге ұқсастығын 100 пайыз деп көрсеткен. Дегенмен Snopes мұндай құралдың нәтижесін жалғыз дәлел ретінде қарастырмайтынын атап өтті. Фактчекерлер Трамп әкімшілігі президент қайтыс болған жағдайда не істеу керектігі туралы ішкі жоспар дайындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Әлеуметтік желіде тараған нақты мәтіннің Трампқа тиесілі екенін дәлелдейтін ақпарат жоқ», — деген қорытынды айтады басылым авторлары.
Айта кетейік, бұған дейін біз Трамптың Айды АҚШ аумағы деп жариялағаны рас па деген сауалға жауап бердік.


