Зейнет алдындағы адамды жұмыстан шығаруға бола ма: заңда не көзделген

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желіде зейнет алдындағы адамдарға жұмыс табу қиын екені, оларды, тіпті, кейде жұмыстан шығарып жіберетіні туралы жиі айтылады. Мұндай жағдайда заңда не көзделген? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері аталған сұраққа жауап берді.
Желіде бұл мәселе неге жиі талқыланады?
Көпшілік 50 жастан кейін жұмысты таба алмайтынын, ал кейбірі зейнетке шығар алдында жұмыстан шығып қалғанын жазып жатады.

Зейнет алдындағы жастағы адамды жұмыстан шығаруға бола ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұловтың айтуынша, заңда зейнет алдындағы жастағы адамдардың құқықтары қорғалған және жұмыс берушілер олардың жасын негізге алып, еңбек құқықтарын шектемеуі, тіпті жұмыстан шығармауы тиіс.
«Еңбек заңнамасында зейнетке шығуға 2-3 жыл қалған азаматтарға жеке мәртебе берілмеген. Десе де олармен еңбек келісімшартын бұзуға жол берілмейді. Жұмыс беруші адамды зейнетке шығуға аз қалды деп, жұмыстан шығара алмайды. Азаматты тек «Әлеуметтік кодексте» бекітілген жаста, яғни зейнет жасына жеткен кезде ғана, онымен келісімшартты бұзуға болады», — деді ол.
Еңбек келісімшартын бұзу туралы хабарлама қашан жіберілуі тиіс?
«Зейнет жасына бір ай қалғанда жұмыс беруші еңбек келісімшартын бұзу туралы хабарламаны жіберіп, алдын ала ескертуі тиіс. Сондай-ақ, оған ұжымдық келісімшарт, келісімшарт актілерінде бекітілген өтемақы төленуі керек», — деді ол.
Зейнет алдындағы жастағы адамның құқығы қай заң, қай баппен қорғалады?
«ҚР «Еңбек кодексінің» 53-ші бабында зейнетке шығуға 2 жыл немесе одан аз қалған азаматтардың құқықтары туралы айтылған. Сонымен бірге, мұндай жастағы адамдарды штат қысқарту немесе жұмыс істеп отырған қызметіне сәйкес келмеуі себебімен қысқартуға болмайды», — деп түсіндірді ол.
Денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан қысқартуға бола ма?
«Зейнет жасына толмаған адамдардың еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі де маңызды. Егер олар жұмысты денсаулық жағдайына байланысты жалғастыра алмайтын болса, онда оған нақты медициниалық себептер болуы керек. Жұмыс беруші жайдан-жай, медицининалық себептерсіз оны жұмыстан шығара алмайды», — деді ол.
Еңбек шарты бұзылған жағдайда қайда жүгіну керек?
«Зейнет жасына шығар алдындағы қызметкер — ол еңбек қатынастарының толық мүшесі, оның құқықтары шектелмеуі тиіс. Егер ондай жағдай орын алса, азаматтар заңда көзделген құзырет шеңберінде, өз құқықтарын қорғай алады. Еңбек кодексінің 6-шы бабында адамның жасы — оны дискриминациялауға себеп болмауы тиіс екені айтылған», -деді ол.
Түйін
Зейнеталды жастағы азаматтардың еңбек құқықтары заңмен қорғалады. Жұмыс беруші қызметкерді жасына немесе зейнетке жақындауына байланысты жұмыстан шығара алмайды. Заң талаптары бұзылған жағдайда, азамат өз құқықтарын қорғау үшін тиісті органдарға жүгіне алады.


