Индонезиядағы жанартау атқылауы: желіде тараған видео рас па

Фото: centralasia.media
Әлемдік бірқатар БАҚ-та Индонезиядағы Анак-Кракатау жанартауының 2026 жылғы қыркүйектегі атқылауы делінген видео тарап жатыр. Алайда кадрлардың қазіргі оқиғаға қатысы жоқ. Видео сегіз жыл бұрын, 2018 жылы түсірілген.
Желіде қандай ақпарат тарады?
7 қыркүйекте Threads желісінде түнде атқылап жатқан жанартаудың видеосы жарияланды. Жазба авторы кадрлар Индонезиядағы Анак-Кракатау жанартауының қазіргі атқылауын көрсететінін мәлімдеген.
«Бүгін таңертең Индонезияда Анак-Кракатау жанартауы тағы да атқылап, күл 50 мың фут биіктікке дейін көтерілді», — делінген жазбада.
Сондай-ақ жарияланымда Джакартадағы ірі әуежайлар жұмысын тоқтатқаны, 200-ден астам ұшақтың бағыты өзгертіліп, мыңдаған жолаушының сапары бұзылғаны айтылған. Осыған ұқсас видео мен ақпарат TikTok және X желілерінде де тарады. Жазбалар қытай, ағылшын, жапон, испан, малай және тай тілдерінде жарияланған.

Анак-Кракатау жанартауы шынымен атқылады ма?
Иә. 2026 жылғы 5 қыркүйекте Ява мен Суматра аралдарының арасындағы бұғазда орналасқан Анак-Кракатау жанартауы атқылады. Жанартау күлі 150 шақырымнан астам жерге тарап, Джакартаға дейін жеткен. Жақын маңдағы аудандарды күл басып, әуежайлардың жұмысына кедергі келтірген. Соның салдарынан мыңдаған жолаушының сапары қиындады.
Алайда әлеуметтік желілерде осы оқиғамен байланыстырып тараған видео жаңа емес.
Видео 2018 жылы түсірілген
AFP Fact Check мамандары видеоның негізгі кадрларын кері іздеу арқылы тексерген. Нәтижесінде оның толық нұсқасы YouTube желісінде 2018 жылғы 6 қарашада жарияланғаны анықталды.
«Кракатау түнде» деп аталған видеода 2018 жылғы 24-26 қазан аралығындағы Анак-Кракатау жанартауының атқылауы көрсетілген.
Видеоның авторы — жанартауларды ондаған жыл бойы фото және видеоға түсіріп жүрген фотограф әрі видеооператор Мартин Ритце. Ол бұл кадрларды өзінің жеке сайтында да жариялап, Раката жағалауынан түсіргенін көрсеткен.
Бұдан бөлек, сол атқылауды британдық фотограф Ричард Роско да түсірген. Оның видеолары 2018 жылғы кадрлардың сол кезеңге тиесілі екенін қосымша растайды. Айта кетейік, 2018 жылғы желтоқсанда Анак-Кракатаудың бір бөлігі опырылып, цунамиге себеп болды. Табиғи апаттан 400-ден астам адам қаза тапқан.
Қорыта айтсақ, 2026 жылғы қыркүйекте Индонезиядағы Анак-Кракатау жанартауы шынымен атқылаған. Алайда әлеуметтік желілерде қазіргі оқиғаның видеосы ретінде тарап жатқан кадрлар оған қатысы жоқ. Олар 2018 жылғы қазандағы Анак-Кракатау атқылауы кезінде түсірілген.


