Мұғалімге жұмыстан тыс уақытта жазуға бола ма — министр түсіндірді

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың мұғалімдермен жұмыстан кейін қарым-қатынас жасауына тыйым салуды жоспарлап отырған жоқ. Алайда ведомство мұндай байланысқа қатысты түсінікті ережелер белгілеу қажет деп санайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің ата-аналармен ата-ана чаттарында жұмыс күні аяқталғаннан кейін қарым-қатынас жасауына қатысты ведомствоның ұстанымын түсіндірді.
«Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен педагогтердің қарым-қатынасына шамадан тыс шектеу енгізуді мақсат етіп отырған жоқ. Керісінше, отбасы мен мектеп арасындағы тұрақты, әрі нәтижеге бағытталған байланыстың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз», – деді Сүлейменова.
Дегенмен, қарым-қатынас кезінде мұғалімдердің жұмыс жүктемесін ескеру қажет. Орта есеппен педагог күніне шамамен алты академиялық сағат сабақ өткізеді. Егер әр сыныпта шамамен 25 оқушыдан болса, осы уақыт ішінде мұғалім 150-ге жуық баламен жұмыс істеуі мүмкін.
«Әр сабақта мұғалім барынша жинақы болуы керек. Ол жаңа материалды түсіндіреді, тақта алдында жұмыс істейді, жазады, көрсетеді, сұрақтарға жауап береді, тапсырмалардың орындалуын бақылайды, сыныптағы тәртіпті қадағалайды, тақырыпты түсінбеген оқушыларға көмектеседі», – деп атап өтті министр.
Сабақтан кейін де мұғалімдердің жұмыс міндеттері жалғасады. Олар дәптер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі оқу күніне дайындалуы қажет. Сондықтан, Сүлейменова педагогтердің демалуына уақыт қалуы керек екенін атап өтті.
«Егер мұғалімдеріміздің келесі күндері балаларымыздың алдына сергек, мұқият, сабырлы әрі кәсіби маман ретінде келуін қаласақ, педагогтерге демалуға мүмкіндік беруіміз керек», – деді ол.
Сонымен қатар министр бұл жұмыс уақытынан кейін ата-аналармен мүлдем байланыспау керек дегенді білдірмейтінін нақтылады.
«Әрине, балаға қатысты шұғыл әрі маңызды мәселелер туындайтын жағдайлар болады. Мұндай кезде педагог әрдайым жауап беруге мүмкіндік табады», – деді Сүлейменова.
Оның айтуынша, ата-аналар чатындағы қарым-қатынас мәселесі ең алдымен өзара сыйластыққа байланысты.
«Бұл қарым-қатынасқа тыйым салу мәселесі емес, бұл – қарапайым өзара сыйластық мәселесі», – деп атап өтті министр.
Оқу-ағарту министрлігі мұндай өзара байланыстың нақты ережелерін және ата-аналар чаттарының тәртібін белгілеу қажет деп санайтынын білдірді. Айта кетейік, бұған дейін біз Оқу-ағарту министрінің кадр даярлауда неге басымдық берілетінін түсіндіргені жайлы жаздық.


