NoFake

Бішкек пен Астана стадиондары: жалған сарапшылар сандарды қалай бұрмалайды

Коллаж: NoFake.kz

Қырғызстанда дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталғалы бері – Бішкек пен Астанадағы стадиондардың құнын салыстырған жазбалар желіде қызу талқыланып жатыр. Жазбаны оқығанда, Қазақстан әлдеқайда шағын стадионға Қырғызстанмен шамалас қаражат жұмсағандай көрінеді. Бірақ «Бішкек Аренаның» құны ресми расталмаған. Оның үстіне, екі стадионды салыстырғанда тек көрермен орындарының саны ескерілген.

Әлеуметтік желі қолданушылары 51 мың орындық «Бішкек Арена» шамамен $60 млн, ал Астанадағы 3,6 мың орындық Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион $37 млнға салынғанын алға тартқан. Осыдан келіп «Қырғызстан сыйымдылығы 14 еседей үлкен стадионды әлдеқайда тиімді салған» деген пікір тарады. Бірақ мұндай қорытынды жасауға негіз болған $60 млн қайдан алынды?

2026 жылғы 4 қыркүйекте Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов аталған болжамдарға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, стадионның $60 млн салынғанын ешбір мемлекеттік орган хабарламаған.

«Соңғы күндері әлеуметтік желілерде, кейбір блогерлер мен азаматтардың парақшаларында “Бішкек Арена” кешенінің құрылысына “60 миллион доллар” жұмсалды деген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл – шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет. Бірде-бір мемлекеттік орган немесе ресми тарап стадионның “60 миллион долларға салынғанын” айтқан жоқ», – деп жазды Алагөзов.

Қазір құрылысқа жұмсалған қаржыны арнайы комиссия тексеріп жатыр. Оның құрамына Есеп палатасы, Ішкі істер министрлігі, прокуратура және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірген. Тексеру бір-екі айға созылуы мүмкін. Нысанның нақты құны содан кейін жарияланбақ.

Алагөзовтің сөзінше, «Бішкек Арена» әлемдегі осыған ұқсас ірі стадиондардан арзанырақ салынған. Алайда бұл оның құны $60 млн болды дегенді білдірмейді.

Стадионның құны орын санымен ғана өлшене ме?

«Бішкек Аренаның» нақты құны әзірге белгісіз. Ал ол сома белгілі болған күннің өзінде екі стадионды тек бағасы мен көрермен санына қарап салыстыру қаншалықты қисынды? NoFake.kz мәселенің осы қырын қарастырды.

Желіде тараған есептің тәсілі қарапайым: стадионға жұмсалған қаржыны орын санына бөліп, қайсысы арзанға түскенін шығарады. Бірақ стадион тек трибуна мен орындықтан тұрмайды. Оның қандай мақсатта салынғаны, ішінде не бар екені, қандай жабдықтар мен инженерлік жүйелер орнатылғаны да маңызды. Бұларды ескермеген есеп «миллиардтаған қаржы қайда кеткен?» деген күмән туғызғанымен, оған жауап бермейді.

«Бішкек Арена» бірнеше мақсатта пайдаланылатын ірі спорт кешені ретінде салынып жатыр. Ол 51 мың көрерменге арналған, жобада FIFA мен AFC халықаралық стандарттары ескерілген. Қырғызстан президенті бұған дейін оның елдегі ең үлкен футбол аренасы болатынын айтқан.

Ал Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион көрерменді аз қабылдағанымен, жалпы ауданы 18 951 шаршы метр болатын, төбесі жабық үш қабатты спорт нысаны. Ол 3,6 мың адамға арналған және UEFA-ның екінші санатына сәйкес келеді.

Мұнда трибуналардан бөлек, конференц-зал, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік және техникалық бөлімдер бар. Сондай-ақ заманауи спорт жабдықтары мен жасанды жабын қарастырылған. Екі стадионды салыстырған жазбаларда осы ерекшеліктер назардан тыс қалған.

Төбесі жабық кешенге жылу, желдету, жарықтандыру және қауіпсіздік жүйелері қажет. Шатырын салу, спорт жабдықтарын орнату, инженерлік желілерін тарту да қаражат талап етеді. Бұл шығындардың бәрі орын санына тікелей байланысты емес.

Есепке кірмей қалған шығындар

Құрылыс алаңының дайындығы да жобаның бағасына әсер етеді. Мәселен, бір жерде қажетті инженерлік желілер бұрыннан болуы мүмкін, ал екінші жерде оларды жаңадан тартуға тура келеді. Ашық деректерден екі стадионның қайсысында қандай жұмыс атқарылғанын толық анықтау мүмкін емес.

Құрылыс материалдары, жабдықтар, жұмыс ақысы, жобалау мен аумақты абаттандыру шығындары жөнінде де қатар қойып салыстыратын толық мәлімет жоқ. Бұдан бөлек, нысандардың құрылымына, инженерлік жүйелеріне, спорт жабдықтарына, спортшылар мен журналистерге арналған бөлмелеріне, VIP-аймақтары мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар әртүрлі болуы мүмкін. Жарияланған сомаға осы шығындардың бәрі кірді ме, әлде кейбірі бөлек есептелді ме? Мұны да нақтылау керек.

Сондықтан бір орынға қанша қаражат жұмсалғанын есептеу арқылы ғана құрылыс тиімділігін бағалау мүмкін емес. Жалпы бюджетті орындық санына бөліп, «артық ақша төленген» деп кесіп айту – жұртты жаңылыстыратын тәсіл. Өйткені мұнда құрылыс құнын қалыптастыратын басқа шығындар түгел ескерусіз қалады.

Екі жобаны әділ салыстыру үшін олардың жалпы ауданын, қандай мақсатта пайдаланылатынын, жабдықталуын, инженерлік желілерін, қандай стандартпен салынғанын және атқарылған жұмыстардың көлемін білу қажет. Ең бастысы, екі нысанның да толық шығын есебі қолда болуы керек.

Түйін

Желіде тараған салыстыру Қазақстанда стадион құрылысына артық қаржы жұмсалғанын дәлелдей алмайды. Өйткені есепке негіз болған $60 миллионды Қырғызстан билігі жоққа шығарды, ал екі жобаның құрылыс ерекшеліктері мен толық шығындары салыстырылмаған.

Бұл Астанадағы стадионның барлық шығыны негізді деген сөз де емес. Оны бағалау үшін расталмаған сандарға құрылған қарапайым есеп емес, нақты құжаттар мен толық смета қажет.

Оқу үшін