NoFake

Әскерге шақыру туралы жалған ақпарат таратқан Алматы тұрғыны жауапқа тартылды

Фото: Gov.kz

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде азаматтарды денсаулық жағдайына қарамастан әскери қызметке шақыруы мүмкін деген жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.

2026 жылғы 17 шілдеде Алматы тұрғыны Facebook желісінде денсаулығында белгілі бір аурулары бар азаматтар да әскери қызметке шақырылуы мүмкін деген мазмұндағы бейнежазба жариялаған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ақпарат тарағаннан кейін құзыретті органдармен бірлесіп тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жарияланымдағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. 15 тамызда видео авторы Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Азаматтың әскери қызметке жарамды немесе жарамсыз екені медициналық тексеруден кейін, оның денсаулық жағдайы ескеріле отырып анықталады», — деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі.

Осылайша, азаматтарды денсаулық жағдайын ескермей әскери қызметке шақырады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қорғаныс министрлігі әскери қызметке шақыру, медициналық куәландырудан өту тәртібі және әскери қызметке қатысты өзге де мәселелер бойынша ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды. Сондай-ақ ведомство расталмаған мәліметтерді таратпау керегін және жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Оқу үшін