NoFake

АҚШ полициясы қылмыскерлерді ұстау үшін фейк лотореяны қалай ұйымдастырды

Скрин видеодан

2002 жылы АҚШ-та полиция іздеуде жүрген адамдарды ұстаудың ерекше тәсілін қолданды. Оларға «DVD-плеер ұтып алдыңыз» деген хат жіберіп, сыйлық алуға шақырған. Алайда жеңімпаздарды белгіленген жерде сыйлық емес, полиция күтіп тұрды.

Оқиға 2002 жылғы 22 мамырда Аризона штатының Чандлер қаласында болған. CNN-нің сол күні эфирге шыққан сюжетіне сәйкес, жергілікті полиция өтелмеген қамауға алу ордерлерінің көп екенін анықтаған. Олардың басым бөлігі мас күйінде көлік жүргізуге қатысты болған.

Полицейлер іздеуде жүрген адамдарды бір-бірлеп іздеудің орнына, оларды өз еркімен келуге мәжбүрлейтін амал ойлап тапқан.

«Сіз сыйлық алуға таңдалдыңыз»

Полиция күдіктілердің соңғы белгілі мекенжайларына хат жіберген. Онда алушының сыйлық алуға таңдалғаны және оны алу үшін белгіленген уақытта көрсетілген жерге келуі керектігі жазылған. «Сыйлық» — сол кезде танымал болған DVD-плеер еді.

Белгіленген күні адамдар Чандлер өнер орталығына келе бастаған. Кіреберісте оларды кәдімгі ұтыс ұйымдастырушылары сияқты көрінген қызметкерлер қарсы алып, тіркеуден өткізген.

Шын мәнінде, тіркеу үстелінің ар жағында отырғандардың барлығы полиция қызметкерлері еді. Осылайша олар келген адамның жеке басын анықтап, оған қатысты ордердің бар-жоғын тексерген.

«Ордері бар адамдар осы үстелде тіркелді. Мұндағы қызметкерлердің барлығы шын мәнінде полиция қызметкерлері болған», — делінген CNN сюжетінде.

Тіркеуден өткен «жеңімпазға» DVD-плеерін алу үшін келесі бөлмеге өту ұсынылған. Бірақ есіктің ар жағында ешқандай сыйлық болған жоқ. Онда полиция қызметкерлері күтіп тұрған.

«Бұл әзіл ме?»

Сюжетте ұсталған әйелдердің бірінің полиция қызметкерінен таңырқап: «Бұл әзіл ме?» деп сұрағаны көрсетіледі. Полицей оның қамауға алынғанын және оған қатысты ордер бар екенін түсіндірген.

Операция нәтижесінде полиция өтелмеген ордері бар екі оннан астам адамды ұстаған. Кейін олардың барлығы полиция көлігімен қамау орнына жеткізілген. Бірақ оқиғаның ең қызық тұсы операция аяқталғаннан кейін болған. Полицейлер «лотереяны» аяқтап, есіктерді жауып қойған кезде тағы екі адам кешігіп келіп, сыйлықтарын беруді талап етіп, есікті қаққан. Нәтижесінде олар да ұсталған.

Оқиға кейін интернетте «Финикс полициясының DVD-плеер арқылы қылмыскерлерді ұстаған операциясы» деген сипаттамамен кең тарады. Алайда сол кездегі CNN материалында операцияны Финикс полициясы емес, Чандлер полиция департаменті ұйымдастырғаны нақты көрсетілген. Чандлер қаласы Финикс агломерациясына кіреді.

Осылайша полицияның «жалған лотереясы» расымен болған. Құқық қорғаушылар іздеуде жүрген адамдарды қудалап іздеудің орнына, тегін DVD-плеер береміз деп олардың өздерін белгіленген жерге келтірген.

Оқу үшін