NoFake

Президент Үкіметке фаст-фут жарнамасы мәселесін шешуді тапсырды

Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фаст-фудтың агрессивті жарнамасына қатысты проблеманы мұқият зерделеуді тапсырды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бүгін Астанада өткен ұстаздардың тамыз конференциясында Мемлекет басшысы фаст-фуд жарнамасы мәселесіне тоқталды. Ол Үкімет аталған проблеманы зерттеуге тапсырма береді.

«Тағы бір мәселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді», — деді ол.

Президент дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар екенін атап өтті. Мемлекет басшысы олардың саны көбеймесе, азаймайтынын жеткізді.

«Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы оқу материалдарындағы өрескел қателер туралы айтып, оларды түзету жайлы тапсырма берген еді.

Оқу үшін