NoFake

Тексерілмеген тарихи деректер: Президент оқу материалдарын қайта қарау кажеттігін ескертті

Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мемлекет басшысы мектеп оқулықтарында қателіктер табылғанын, ондайға жол бермеу қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған.

«Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес. Әлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы», — деді ол.

Сонымен бірге Президент «ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек» екенін атап өтті.

«Кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жыл сайынғы ұстаздардың тамыз конференциясына қатысып жатыр.

Оқу үшін