NoFake

Мемлекеттік органдарға бюджеттен жоспардан тыс қаржы сұрауға тыйым салынды ма

Фото: pixabay.com

Отандық БАҚ-та мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бюджеттен жоспардан тыс қосымша қаржы сұрауға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. NoFake.kz бұл талаптың нені білдіретінін Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігінен нақтылады.

Мақалада не айтылған?

Отандық басылымдардың бірі Қазақстанда республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтқысы келетін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге қойылатын талаптар күшейтілгенін жазды. Материалда енді мемлекеттік органдар жоспардан тыс уақытта бюджеттен қосымша қаржы сұрай алмайтыны айтылған.

Скриншот: әлеуметтік желі

Үкімет не дейді?

Аталған сауалға нақты жауап алу үшін, алдымен ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне хабарластық. Үкімет мұндай өзгерістердің енгізілгенін растады.

«Мұндай өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы» қаулысына енгізілді, ол рас», — деп жауап берді ведомство өкілдері.

Алайда өзгеріс мемлекеттік органдардың қосымша қаржы сұрауына толықтай тыйым салынғанын білдірмейді. Мәселе — мұндай ұсыныстардың қашан және қандай тәртіппен берілуінде.

Ұлттық экономика министрлігінің жауабы

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, енді мемлекеттік органдар мен әкімдіктер белгіленген жоспарлау рәсімінен тыс қосымша шығыстар туралы ұсыныстармен Президентке, Президент Әкімшілігіне немесе Үкіметке жүгіне алмайды.

«Келесі жоспарлы кезеңге қосымша шығыстар енгізу бойынша ұсыныстарды 20 маусымға дейін, ал ағымдағы жылға қатысты ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының бюджетті нақтылау туралы шешімінен кейінгі бес жұмыс күні ішінде енгізу қажет», — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар бюджет қаражатын жұмсау тетіктерін өзгертуге қатысты бастамалар Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігімен келісілуі керек. Ұсыныспен бірге қаржылық-экономикалық есептеулер де берілуге тиіс екенін атап өтті.

Түйін

Мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бюджеттен қосымша қаржы сұрауға толық тыйым салынған жоқ. Бірақ енді мұндай ұсыныстарды белгіленген жоспарлау рәсімінен тыс Президентке, Президент Әкімшілігіне немесе Үкіметке тікелей жолдауға болмайды. Яғни өзгеріс қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін жоймайды, оны сұраудың тәртібі мен мерзімін қатаңдатады.

Оқу үшін