Полиция азаматшаны «күлгені үшін» жауапкершілікке тартты — фейк

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері тұрғынды “күлгені үшін” жауапкершілікке тартқан деген сипаттағы бейнежазба тарап жатыр. ҚР Ішкі істер министрлігі аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Оқиға түнгі сағат шамамен 01:00-де болған. Қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері терезелері ашық тұрған автокөлікке назар аударған. Көліктен музыканың даусы қатты шығып, ондағы қыздар дауыстап айқайлаған. Осылайша түнгі уақытта тыныштық сақталмаған», — делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік полиция қызметкерлері автокөлікке жақындап, құжаттарды тексеріп, жүргізушіге өздерінің не себепті келгенін сабырлы түрде түсіндіргенін атап өтті. Сақшылар ауызша ескертумен шектеліп, кейін азаматты жіберген.
«Яғни оған ешқандай айыппұл салынған жоқ және әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. Соған қарамастан, азамат полиция қызметкерлерімен сөйлесу барысында эмоцияға беріліп, дауысын көтерген және болған жағдайды бейнетаспаға түсірген. Кейін осы оқиға бойынша әлеуметтік желілерде бұрмаланған ақпарат жариялаған», — делінген ведомство хабарламасында.
Оқиғаның барлық мән-жайы полиция қызметкерлерінің бейнетіркегішіне жазылғаны белгілі болды. Осылайша, бейнежазбалар тексеріліп, полиция қызметкерлерінің әрекетінен заң бұзушылық анықталмаған.
«Түнгі уақытта тыныштықты сақтау – әр азаматтың міндеті. Азаматшаның билік өкіліне құрметсіздік танытуы және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты тарату фактілеріне құқықтық баға беріледі», — делінген хабарламада.
Осы ретте, полиция қызметкерлері азаматтарды заңды талаптарға ден қоюға және әлеуметтік желідегі қаралым үшін жасанды жанжал туындатпауға шақырады.


