Неге кейбір азаматтар сайлаушылар тізімінен өздерін таппады

Фото: NoFake.kz
Әлеуметтік желіде кейбір қазақстандықтар сайлау учаскесіне барғанымен, өздерін сайлаушылар тізімінен таба алмағанын жазды. NoFake.kz мұның себебін Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері негізінде анықтады.
Сайлау күні Threads-те кей азаматтар сайлау учаскелеріне барып, тізімнен өз аты-жөндерін таба алмағандарын жазып шағымданған жазбалар тарады. Мәтін мазмұнына үңілсек, көбісі тұрғылықты мекен-жайы немесе жақын маңдағы кез-келген сайлау учаскесіне жүгінгенін байқауға болады.

Алайда Орталық коммиссиясы бұған дейін Қазақстандықтар үшін дауыс беру учаскесі тұрақты тіркелген мекен-жайы арқылы белгіленетінін хабарлаған. Ал дауыс беру күні өз сайлау учаскесіне бару мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін ведомство дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін алу керектігін жайлы ескерткен.
«Егер сайлау күні Сіз тұрақты тіркелген жеріңізде болмайтын болсаңыз (іссапарда, демалыста немесе басқа қалада болсаңыз), дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін алуыңыз қажет» , — деп жазылған ОСК ресми сайтында.
Мұндай куәлікті азамат тұрақты тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан ала алады.Тек ескеретін маңызды жайт, есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінен 20 күн бұрын басталып, сайлаудың алдындағы күні сағат 18:00-де аяқталады. Орталық сайлау коммиссиясы ол үшін қандай құжат керек екенін де нақтылап жазған.
«Жеке куәлігіңізді алып, сайлау учаскесіне жеке келіп, өтініш жазуыңыз қажет. Соның негізінде Сіз тұрақты тіркелген жеріңіздегі сайлаушылар тізімінен шығарылып, Сізге дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі беріледі. Осы куәлікпен 23 тамыз күні еліміздің өзіңізге қолайлы кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере аласыз»,- деп хабарлаған ОСК мамандары.
Сонымен қатар, ОСК бір елді мекен, қала немесе аудан шегінде есептен шығару куәліктері берілмейтінін ескертті. Айта кетейік, бұған дейін «Сайлау учаскесіндегі тәртіпке кім жауапты: заңда не көзделген?» деген сауалға жауап бердік.


