NoFake

Сайлау учаскесіндегі тәртіпке кім жауапты: заңда не көзделген

Фото: Depositphotos

Қазақстанда 23-ші тамыз күні Құрылтай сайлауы өтеді. Көпшілікті сайлау күні сайлау учаскелеріндегі тәртіпке кім жауап береді деген сауал жиі мазалайды. Nofake.kz аталған сауалға жауап іздеп көрді.

Сайлау учаскесінде кімдер бола алады?

Сайлау күні учаскеде учаскелік комиссияның төрағасы, оның орынбасары, хатшысы және комиссияның басқа да мүшелері жұмыс істейді. Олар дауыс беруді ұйымдастырып, оның барысын қадағалайды, ал учаске жабылғаннан кейін дауыстарды санайды. Олармен бірге үй-жайда сайлаушылар және сайлау процесінің басқа да қатысушылары болады. Олар:

  • партиялық тізім ұсынған әрбір саяси партиядан бір сенім білдірілген адам;
  • әрбір БАҚ-тан бір өкіл;
  • әрбір телеарнадан үш өкілден аспайтын өкіл;
  • әрбір саяси партиядан бір байқаушы;
  • аккредиттелген әрбір қоғамдық бірлестіктен және коммерциялық емес ұйымнан бір байқаушы;
  • шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары. Оларға аудармашы да ілесе алады.

БАҚ өкілдерінің өзімен бірге қызметтік куәлігі және редакцияның тапсырмасы болуы қажет.

Қазақстандық ұйымнан келген байқаушы да өз өкілеттігін растап, жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда болуына тыйым салынады.

Полиция сайлау учаскесіне кіре ала ма?

Иә, бірақ тек сайлау комиссиясының төрағасы шақырған жағдайда ғана.

Полиция қызметкерлері тәртіпті қалпына келтіру немесе комиссияның құқық бұзушыны шығару туралы шешімін орындау қажет болған жағдайда ғимаратқа кіреді. Осыдан кейін олар учаскеден бірден шығуы тиіс.

Сайлау учаскесіндегі тәртіпті кім бақылайды?

Дауыс беруге арналған учаскеде тәртіпке учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы жауап береді. Ол:

  • бір уақытта іште қанша сайлаушы бола алатынын анықтайды;
  • ешкімнің дауыс беруге кедергі келтірмеуін қадағалайды;
  • құқық бұзушыдан учаскеден шығуын талап ете алады.

Егер тәртіпті өз күшімен қалпына келтіру мүмкін болмаса, төраға полиция қызметкерлерін шақыра алады.

Сайлау учаскесінде не істеуге болады және не істеуге болмайды?

Учаскеде дауыс беруге және комиссияның жұмысына кедергі келтіруге болмайды. Онда отырғандардың барлығы белгіленген тәртіпті сақтап, комиссия төрағасының талаптарын орындауы тиіс.

Байқаушылардың да жекелеген құқықтары мен міндеттері бар. Олар дауыс беру және дауыстарды санау кезінде учаскеде бола алады. Байқаушылардың:

  • дауыс бергендердің саны туралы ақпарат алуға;
  • тасымалданатын сайлау жәшіктерін алып жүруге;
  • ғимараттан тыс жерде дауыс беруге қатысуға;
  • дауыс беру мен дауыстарды санау процесін бақылауға;
  • пайдаланылмаған бюллетеньдерді санауға және жоюға қатысуға;
  • дауыс беруге және сайлау қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмеген жағдайда фото, аудио және бейнежазба жасауға;
  • ықтимал заң бұзушылықтар туралы комиссияға хабарлауға;
  • жазбаша өтініштер мен актілерді беруге;
  • комиссияның шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға;
  • хаттамалармен танысуға және олардың куәландырылған көшірмелерін алуға құқығы бар.

Бұл ретте байқаушы бейтараптықты сақтауға, өз ескертулерін құжатталған және тексеруге болатын фактілерге негіздеуге, сондай-ақ түсірілім жасау кезінде заң талаптарын сақтауға міндетті.

Ол дауыс беру процесіне, дауыстарды санауға және комиссияның шешім қабылдауына араласа алмайды, сондай-ақ оның жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс.

Егер байқаушы заң талаптарын бұзса, сайлау комиссиясы оның тіркеуін жоюға құқылы.

Кімді және қандай жағдайда сайлау учаскесінен шығаруы мүмкін?

Егер адам сайлау туралы заңнаманы бұзып, дауыс беруді өткізуге кедергі келтірсе, оны сайлау өтіп жатқан ғимараттан шығаруы мүмкін. Байқаушы немесе басқа адам сайлау комиссиясының уәжді жазбаша шешімі негізінде шығарылады. Егер құқық бұзушылықты учаскелік комиссияның мүшесі жасаса, оны сайлау өтіп жатқан жерден шығармайды, керісінше, дереу жұмыстан шеттетеді.

Айта кетейік, Қазақстанда 23-ші тамыз күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлауға қатысып жатқан партияларға бүгін түнгі 00:00-ге дейін сайлау алды үгіт жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіледі. Ертең «Сайлау туралы» заң бойынша елімізде — тыныштық күні.

Оқу үшін